Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Енді табысы жоқ студенттерге кредит берілмейді.
Бұл туралы Sputnik.kz мәлімдеді.
Оқуын бітірмей жатып, қарызға батқан жастардың санын азайту үшін оларға кредит беру тәртібі өзгереді.
Банкке қомақты қарызы бар жастардың бірі Батухан Ысқақов. Студент танысына көмектесемін деп, өз атына несие алған. Кейін алданғанын түсінген. Бұрын-соңды банктен қарыз алып көрмеген жігіт несие рәсімдеудің түк қиындығы болмағанын айтады. Бір миллионға жуық несиені бар-жоғы бес минутта рәсімдеген.
«Кредитті өзім жауып тастаймын деген соң сеніп, 810 мың теңге онлайн несие алып бердім. Бірақ ай сайынғы төлем уақыты келгенде жаңағы бала уәдесінде тұрмады. Салдарынан менің несие тарихым бұзылды. Кейін оның тағы 5-6 студентке дәл осылай қарыз алдырып, ақшасын қайтармай жүргенін білдім. Өзім ақылы бөлімде оқимын. Сабақтан кейін жұмыс істеймін. Енді оқуымның ақысымен қатар кредитті де төлеуге тура келеді», — дейді Батухан Ысқақов.
Статистикаға сүйенсек, елдегі 500 мыңға жуық студенттің кредиті бар. Оның ішінде 47 мыңы проблемалық несие. Кей банктер жұмысы жоқ болса да, 18 жасқа толғандарға тұтынушылық кредит беріп келген. Енді табысы жоқ студенттерге несие берілмейді.
“Жастарға кредит берудің динамикасын қарасақ, проблемалық кердиттердің үлесі артып келеді. Қазіргі уақытта 11% дейін жетті. Сол себептен енді жастар үшін кредиттерді ресми түрде тіркелген табыстары болса, кірістері болса, тек қана сол кезде қаржы ұйымдары береді. Бұл 18-21 жас арасындағы азаматтарға арналған», — дейді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова.
Ал жұмысы жоқ студенттер үшін, төлеу мерзімі өтіп кеткен берешектерді реттеу тетіктері бар. Ол үшін студенттер банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына арыз жазу керек. Сонда оларға жаңа төлем кестесі жасалады, деді агенттік төрағасы.
Ал сарапшылар мәселені шешу үшін кредит беру жасын шектеуді ұсынады.
«Несие алып, қарызға батқан жастар көбейіп барады. Маған микроқаржы ұйымдары мен банктерге жарты миллион теңге берешегі бар студенттер келіп кеңеседі. Ата-наларына айтуға қорқады. Ал өз еркімен мәселені шеше алмайды. Сондықтан мен 21 жасқа дейін несие бермеу керек деп есептеймін. Қазақстанның банк жүйесінде мұндай тәжірибе бұрын болған. Сондай-ақ тексеру кезінде табысы қарызын жабуға жетпейтін азаматтарға банк қалай кредит ресімдейтіні түсініксіз. Жұмыс істесе де, істемесе де 21 жасқа дейін кредит рәсімдеуді заң жүзінде шектеу қажет», — дейді банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев.
Жастарға несие беруді шектеу туралы депуттар да айтқан. Бірақ қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшысы «кредит алу әр адамның конституциялық құқығы» деп түсіндірді. Сондықтан студенттер үшін тек табыс жағынан шектеу болады. Оның өзінде шәкіртақылары ресми кіріс болып қала береді.
Жаңа заңды қолдайсыз ба?🤔
2️⃣ 18-34 жас аралығындағы жастар “Zhas Project” жобасы аясында 1 миллион теңге иелене алады.
“Zhas Project” жас қазақстандықтардың мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Жобаға қатысушылар өз өңірлерінде жергілікті қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге арналған үздік бастамаларды іске асыра алады. Сонымен бірге көшбасшылық қасиеттерді дамытып, әлеуметтік және кәсіптік бағдарлау бойынша жаңа білім мен дағдыларға ие болады. Қала берді бизнесті құру және жүргізу бойынша кәсіби менторлық қолдау да қарастырылған.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басшылығының мәліметінше, жоба жеңімпаздары әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін 1 миллион теңгеге дейін шағын грант алады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі 280 жобаны іске асыруға 280 миллион теңге бөлген. Өтінімдерді қабылдау 24 сәуір сағат 23:59-ға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылардың байланыс ақпараты мен өтінім қабылдайтын сайттары cisc.kz сайтының Zhas project бөлімінде орналасқан.
Өтінімдер қабылдау басталыпты. Мүмкіндікті жіберіп алмаңыз!🔥
3️⃣ 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнетақының орташа мөлшері 132 852 теңгені құрады.
“Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 616,3 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 193,8 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 422,5 млрд теңге жұмсалды.
2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 354 мың адам.
2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 852 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 90 091 теңге, базалық зейнетақы – 42 761 теңге”, — делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске салынды.
Ал жыл басынан бері қазақстандықтарға 616 млрд теңгеге зейнетақы төленген.📌