Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ Қазақстандық оқушылар 2024 жылы қазақ тілінен емтихан тапсырады.
Қазақ тілінен емтиханды 5-8 және 10 сынып оқушылары тапсырады. Өзгерістер 2023-2024 оқу жылынан бастап енгізілді, яғни мамыр айында студенттер мемлекеттік тілді білу деңгейінен тестілеуден өтеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін бұл емтиханды 9 және 11 сынып оқушылары ғана тапсыратын.
Оқу-ағарту министрлігі хабарлағандай, тестілеу жазбаша және ауызша түрде өтеді. Тыңдау, сөйлеу, оқу, жазу секілді дағдылар бағаланады.
Емтихан тапсырмаларын мұғалімдер өздері дайындайды. 5-8, 10-сыныптардағы жылдық баға емтихан және жылдық бағалау нәтижелері бойынша қойылады.
Бұл ретте 2024 жылы қазақ тілін меңгеру деңгейлері енгізіледі. Ұлттық тестілеу орталығы сынақтар өткізіп, сертификаттар береді.
📌 Тілді меңгеру деңгейін анықтауға
арналған тест кімдерге қажет:
магистратура мен докторантураға түсетін студенттерге;
мемлекеттік қызметтің «А» органының кадр резервіне енгізілген қызметкерлерге (жоғарғы кадрлық құрам);
«Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерге;
ҰҚК академиясына түсуге өтініш білдірген студенттерге;
«Назарбаев Зияткерлік мектебінің» мұғалімдеріне.
Керемет!🔥
2️⃣ Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек деп мәлімдеген еді. Соған байланысты “Ұлттық қор — балаларға” жобасы әзірленіп, іске қосылды. Енді 2024 жылы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-і он сегіз жасқа толмаған балалардың арнайы жинақтау шоттарына аударылады.
Бұл ақшаны олар болашақта баспана сатып алуға немесе білім алуға жұмсай алады. Бұл ретте қаражатты шетелдік жоғары оқу орнында оқу үшін пайдалануға рұқсат етіледі. 18 жасқа дейінгі бала үшін болжамды жинақ сомасы шамамен 3,5 мың долларды құрайды. Алайда бұл сома капитал нарығының құбылмалылығын ескере отырып, тарихи деректер негізінде есептелген және әлемдік экономиканың конъюнктурасына байланысты түзетілуі мүмкін.
Енді ақша он сегіз жасқа толмаған балалардың арнайы жинақтау шоттарына аударылады.👏🏻
3️⃣ Қазақстандық студент мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инновациялық вертикализатор жасап шығарды.
Сәтбаев университетінің Машина жасау және энергетика институтының магистрі Жалғасбек Бекнұр ерекше күтімді қажет ететін адамдардың өмірін жақсартуға арналған вертикализатор құрылғысын жасап шығарды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бұл бұрылмалы вертикализатор сал ауруымен ауыратын науқастарды жұлын және бас миының жарақатынан, сондай-ақ ұзақ уақыт (төсек тартып) жатқаннан кейін оңалту үшін және т.б. қолданылады. Ол қолданысқа өте жеңіл әрі ыңғайлы, көлденең позицияда (максимум) 80 градусқа көтеріледі, сондықтан ол медициналық процедуралар жасау үшін тиімді құрал болып саналады.
Вертикализаторды жасап шығару Мейкатон TOM Almaty фестивалі аясында студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының, сондай-ақ Инклюзивті білім беруді қолдау және сүйемелдеу орталығының белсенді араласуының арқасында мүмкін болды.
“Машина жасау” кафедрасы жанындағы Студенттік конструкторлық бюро оқытушылары мен қызметкерлерінің тәлімгерлермен бірлесіп әзірлеген вертикализатор ерекше күтімді қажет ететін жандарға жаңа мүмкіндіктер береді. Құрылғының жан-жақтылығы мен тиімділігі дер кезінде көмек алатын адамдардың санын көбейтеді.
Талантты азаматымыздың еңбегі елене берсін!👍