Су тасқыны, Декларация,Уақыт. 4 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 04 декабря, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Су тасқыны кезінде халыққа көмек көрсеткен Пшөн есімді иттің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов су тасқыны кезінде халыққа көмек көрсеткен “Пішөн” есімді иттің өліміне байланысты арнайы тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Әкім бұл жағдай туралы БАҚ беттерінен білгенін атап өтті.

“Бұл жағдай Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында орын алған. Су тасқыны кезінде халыққа көмектескен “Пішөн” есімді ит әлеуметтік желілерде танымал болды. Алайда 28 қараша күні ауыл тұрғыны бұралқы иттердің үйіне кіруіне кедергі жасап жатқаны туралы шағым түсірген. Осыған байланысты мамандар иттерді уақытша ұйықтатуға арналған дәріні пайдаланған. Кейінірек Жайық өзенінің жағасынан “Пішөн” атты иттің өлексесі табылды”, — деді ол.

Әкімнің айтуынша, бұралқы иттерді аулау заңға сәйкес жүргізіледі. Агрессивті иттер иесіз болған жағдайда өлтіріледі, ал басқалары зарарсыздандырылып, қайтадан иесіне қайтады дейді. Ал соңғы оқиғаға байланысты дереу тексеру жұмысы ұйымдастырылған.

“Аталған оқиға бойынша арнайы тексеру жүріп жатыр. Қорытындысы шыққан соң, қосымша ақпарат беріледі”, — деп қосты облыс әкімі.

Айта кетейік, бұған дейін әлемжеліде көктемгі су тасқыны кезінде атыраулық тұрғындарға көмектескен “Пішөн” есімді иттің атып өлтірілгені туралы ақпарат тараған еді.

Обал-ай…😢

2️⃣ Декларация өткізбеген 68,3 мың адамның банк шоты бұғатталды

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) банк шоттарының жаппай бұғатталуына қатысты түсініктеме берді.

Құзырлы ведомство 2024 жылы Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі аяқталғанын еске салады. Осы бастама шеңберінде бизнес өкілдері — заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен қатысушылары, сондай-ақ  дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары 250.00 нысаны бойынша «кіру» декларациясын тапсыра отырып, Қазақстандағы және шетелдегі өз активтерін декларациялады.

Бұдан бөлек, бұрын жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген азаматтар 270.00 нысанды кірістер мен мүлік туралы жыл сайынғы декларациясын ұсынды.

«Декларацияларды тапсыру мерзімі ағымдағы жылы 2024 жылғы                       1 қаңтардан 16 қыркүйекке дейін белгіленді, бұл 8,5 айды құрады. Осы уақыт ішінде Мемлекеттік кірістер органдары декларанттарды бұқаралық ақпарат құралдары, СМС-хабарламалар және басқа да тәсілдер арқылы декларацияларды тапсыру қажеттілігі туралы белсенді түрде хабардар етті. Ақпараттық қолдауға қарамастан, кейбір салық төлеушілер белгіленген мерзімде декларация тапсырған жоқ. Мұндай жағдайларда салық органдары бұзушылықтарды жою үшін қосымша 30 жұмыс күнін бере отырып, салық заңнамасында белгіленген мерзімде жеке тұлғаларға салық есептілігін ұсынбау туралы хабарлама жібереді. Осылайша, азаматтарға декларация тапсыру үшін 10 ай уақыт берілді», — дейді МКК.

Ведомство мәліметінше, декларациялар, егер оларда салық органының коды, салық кезеңі немесе декларация жасалған күні сияқты негізгі деректер болмаса немесе декларация «өңдеуден бас тарту» мәртебесін алған болса, ұсынылмаған болып саналады. Мұндай жағдайларда салық төлеушілер декларацияны өзгерту әдісімен қайтарып алып, түзетілгенін беру арқылы бұзушылықты өз бетінше жоя алады.

«Банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру тек дара кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға ғана қатысты екенін атап өткен жөн (Салық кодексінің 118-бабы). Декларацияны уақытылы тапсыра алмаған азаматтар үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұзушылықтар жойылғаннан кейін банктік шоттар бойынша шығыс операциялары бір жұмыс күнінен кешіктірілмей бұғаттан шешіледі», — дейді мамандар.

Бүгінгі таңда, жалпыға бірдей декларациялау бойынша декларация тапсыруға міндетті 4,8 миллион адамның ішінен декларацияны ұсынбағаны үшін мемлекеттік кіріс органдары 68,3 мың немесе 1,4% дара кәсіпкер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалардың банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатты.

«Бүгінгі таңда аутқушылықтарды жойған 17,5 мыңнан астам салық төлеушінің немесе өкімдердің жалпы санының 26% бойынша — банктік шоттары бойынша бұғаттау шешілді», делінген МКК хабарламасында.

Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) банк шоттарының жаппай бұғатталуына қатысты түсініктеме берді😮

3️⃣ Бірыңғай уақыт белдеуінің енгізілуі 11,5 миллион қазақстандыққа теріс әсер етті

“Сандж” зерттеу орталығының президенті Жанар Жандосованың айтуынша, бұл тұрғындардың денсаулығына, ұйқысына, жұмыс қабілетіне кері әсерін тигізіп, қылмыс пен жол-көлік оқиғаларының көбеюіне алып келген.

Әсіресе Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарының, сондай-ақ Абай және Алматы облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары бұл өзгеріске жиі шағымданған.

Уақыт белдеуі өзгеруінің тағы бір салдары — Алматыдағы сауда қарқынының төмендеуі.

Енді Алматыда бөлшек және көтерме сауда 10 сағаттың орнына небәрі 7 сағатқа созылады. “Шағын және орта бизнесті қорғау бойынша тәуелсіз кәсіподақ” ұйымының төрайымы Елена Мотькинаның айтуынша, бұл шара қалада қараңғылықтың ерте түсуіне байланысты қабылданған.

Сонымен қатар саудагерлердің табысы да айтарлықтай азайған. Бұған дейін көтерме саудагерлер күн сайын 100-150 мың теңге табыс тапса, қазір бұл көрсеткіш 30-40 мың теңгеге дейін төмендеген. Ал бөлшек саудамен айналысатындар көп жағдайда табыссыз қалатыны айтылды.

Ал сізге қалай әсер етіп жатыр?🤔