Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Су тасқыны болған аймақтардағы мектептерде сабақ онлайн өтеді.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб жұмысының аясында 88 білім беру ұйымы төртінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында бастайды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі хабарлады.
Қашықтан оқыту су тасқыны қаупі сейілмеген аумақтардағы 56 мектепте, сондай-ақ эвакуациялық пункттер ретінде айқындалған 32 мектепте ұйымдастырылып отыр.
“Осы дүйсенбіден бастап 3 млн-нан астам қазақстандық оқушы үшін 2023-2024 оқу жылының төртінші тоқсаны басталады. Бұл ретте су тасқыны жағдайы сақталған өңірлердегі оқушылар қашықтан оқуға көшіріледі. Жергілікті жерлерде Оқу-ағарту министрлігінің аумақтық білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері мен өңірлік білім басқармалары жұмыс жасауда. Эвакуациялық бекеттердегі балаларға қажетті көмек көрсету үшін психологиялық қызметтер іске қосылды. Балалар қашықтан оқу үшін қажетті оқу құралдарымен, киім-кешекпен және техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Эвакуацияланған 1-4 сынып оқушыларын тамақтанумен қамту мәселесі бойынша жұмыстар жүргізілуде”, — деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.
Оқу-тәрбие процесі мемлекеттік жалпыға бірдей білім беру стандарттарына сәйкес ұйымдастырылады. Сондай-ақ тәуекелдерді азайту және төтенше жағдайда білім беру процесін жалғастыруды қамтамасыз ету үшін Ақтөбе облысындағы колледждер қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсыншы! 🙌🏻
2️⃣ Елена Рыбакина эйс жасау жөнінен әлемде көш бастады.
Сhampionat.com мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина 2024 жылы WTA 1000 турнирлерінде 99 эйс жасап, көш бастады.
Чехиялық Каролина Плишкова (91 эйс) екінші, жапониялық Наоми Осака (70) үшінші орында келеді.
Майами WTA 1000 турнирінің өзінде Рыбакина 53 эйс жасап үлгерді.
Елена Рыбакина сондай-ақ WTA чемпиондық кестесінде Беларусь өкілі Арина Соболенконы ығыстырып, екінші орынға көтерілді.
Құтты болсын! 😍
3️⃣ Айбота Ертайқызы көркем гимнастикадан Гран-при кезеңінде үш медаль жеңіп алды.
Жарыс Францияның Тье қаласында өтті.
Қазақстан гимнастика федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандық Айбота Ертайқызы аталған жарыста екі күміс, бір қола жүлдеге ие болды.
Қазақстандық гимнаст шығыршықпен жаттығудан 32.7 ұпай жинап, күміс медальға қол жеткізді. Сондай-ақ доппен жаттығудан (32.4 балл) үздік үштікті түйіндеді. Айбота сонымен қатар таспамен жаттығу финалында екінші орыннан көрінді.
Жеңісті күндері көп болсын!👏🏻