Суық, Автонесие, Турнир. 3 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 03 мая, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Алдағы үш күнде елімізге арктикалық суық келеді.

Қазгидромет синоптиктері 4-6 мамыр аралығына арналған үш күндік ауа райы болжамын жариялады.
Еліміздің солтүстік және батыс аймақтарының тұрғындары көктемгі жылуды сезініп үлгермей жатып қайтадан арктикалық суықпен қауышады.

Мұның себебі — қысым өрістерінің жылдам өзгеруінен.

Солтүстік және оңтүстік циклондардың скандинавиялық антициклонмен алмасуы Қазақстан аумағына жауын-шашын мен салқын ауа райын әкеледі.
Баренц теңізінен ыққан суық ауа массаларының басып кіруі ауа температурасының төмендеуіне әкеліп соғады.

Түнде республиканың солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында термометр бағаны минусты көрсетеді.
Жауын-шашын жауып, оның соңы қарға ұласады.

Ал оңтүстік облыстарда күн күркіреп, бұршақ жауып, жаңбыр жауатынына қарамастан көктемгі жылы ауа райы сақталады.

Абайлап жүріңіздер!📌

2️⃣ Енді бірнеше кредиті барлар да автонесие ала алады.

Енді банкте бірнеше кредиті барлар да автонесие ала алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шарттарды өзегертпек, деп хабарлады «Астана» арнасы.

Қаулы қабылданса, банктер несие жүктемесінің коэффициентіне қарамайды. Тек соңғы 6 айдағы банкке берешегіңіздің төлемдерін тексереді. Барлығы талапқа сай болса көлік кепілге қойылып, қарыз алушыға беріледі. Егер несие өтелмеген жағдайға кепілге қойылған машинаны сату арқылы қарызыңызды жабасыз.
Жауаптылар бұл жайт отандық автомобиль өндірісінің дамуына үлес қосады дейді. Сатылым да артатынына сенімді. Аталған өзгеріс қазір талқыланып жатыр.

Айта кетері, сала министрлігі 2027 жылға қарай 200 мыңға жуық көлік шығаруды жоспарлап отыр.

Көпшілік үшін жақсы жаңалықтың бірі болды👍

3️⃣ Қазақстандық дзюдошы Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды.

Бүгін Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында өтіп жатқан дзюдодан Grand Slam турнирінде қазақстандық татами шебері Мағжан Шамшадин ел қоржынына күміс медаль сыйлады.

60 келі салмақта ел намысын қорғаған Шамшадин финалдық айқаста жарыс қожайыны Мұхаммедсолех Кубатовқа жол берді. Қола медаль Изнаур Сааев пен Хайато Кондоның еншісінде кетті.
Бұл — Шамшадиннің Үлкен дулыға санатындағы жарыстарда алған 4-жүлдесі.

Ол өткен жылы маусымда Астанада алғаш рет өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam-да алтыннан алқа тағынған. Ал Тель-Авивте (2022 жылы) және Тбилисиде (2023 жыл) қола жүлдеге қол жеткізген. Міне, биыл финалға дейін сүрінбей жетіп, күміс жүлдегер атанды.

Құтты болсын!🔥