Түлектер, Шавкат Рохманов, Электросамокат. 23-ші тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 23 Тамыз, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Жетісайда бір мектептің 63 түлегінің барлығы грантқа түсті.

Бұл туралы Хабар 24 арнасы хабарлады.
Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп гимназияның биылғы түлегі Дана Әлайдар да ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинады. Сөйтіп өзі қалаған мамандық бойынша мемлекеттік грантпен оқуға түсті.

«ҰБТ білетін адамға оңай, білмейтінге қиын. Бірақ сұрақтары әркезде әртүрлі, қайталанып жатқан сұрақтар болған жоқ. Жалпы жаңа бағдарлама енгізілді. Сол себепті біз екі жақтан да оқып, талпынып, ізденіп, мұғалімдерден сұрап, алып шықтық. Өзімнің қалаған мамандығым – математика-педагогика саласына түстім», – дейді Әлайдар.

Дана 128 балл жинап, Сүлеймен Демирель атындағы университетке түсті.
Ал сынып жетекшісі Шынар Түймебаева түлектерді ҰБТ-ға қалай дайындағанын айтып берді.
«Таңертең сағат 7:45 мектепке келеміз. Сұхбаттасамыз, одан кейін сағат 8-де сабақ басталады. Түс мезгілінде және кешкі 22:00-23:00-ге дейін сабақта болдық. Оның барлығы ата-аналардың ұйымдастыруымен өтті», – деп атап өтті Түймебаева.

Жарайсыңдар!👏🏻👏🏻👏🏻

2️⃣ Қазақстандық Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы америкалық Стивен Томпсон болуы мүмкін. Дегенмен әлі де талқыланып жатыр.

Бұл туралы журналист Ариэль Хельвани MMA Hour бағдарламасының соңғы шығарылымында белгілі болды. Хельвани Томпсон немесе Рахмоновпен жекпе-жекке шығу туралы промоушеннен ресми ұсыныс болған-болмағанын нақтыламады.

Жекпе-жек күні әлі анықталған жоқ, бірақ ол 2022 жылдың аяғына жоспарланған болуы мүмкін. Рахмонов – Томпсон жекпе-жегінің жеңімпазы жартылай орта салмақтағы үздік бестікке кіруге мүмкіндік алады.

Томпсон өткен желтоқсанда Белал Мұхаммедтен жеңілгеннен кейін келесі қарсыласын іздеп жатыр. Ол былтыр Гилберт Бернс пен Мұхаммедтен жеңілгеннен кейін 2022 жылы жекпе-жек өткізген жоқ.

Сен кім болады деп ойлайсың?🤔

3️⃣ Жақында электрсамокаттар автомобильдерге теңестіріледі. Бұл туралы Алматы Полиция департаменті мәлімдеді. Олардың мәліметтерінше, жаңа норма стандарттары әзірленген.

Ол бекітілгеннен кейін жол жүру ережесіне өзгерістер енгізіледі. Электрсамокаттарға қатысты заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
«Заңнамалық деңгейде электрсамокаттардың көлік құралы ретіндегі мәртебесін анықтау қажеттілігі туындады. Тиісінше, электрсамокат тебетіндер жол қозғалысына қатысушылар ретінде анықталып, құқықтар да, міндеттер де қарастырылады.
Қазір стандарт әзірленді, болашақта жол ережесіне өзгерістер енгізіледі. Олар енгізілген бойда бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де әсер етеді», – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Расымен, солай болуы керек сияқты. Сен қалай ойлайсың?