Түркістан, Шымкент халқы, Қазақфильм. 27-ші қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 27 сентября, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығымен кездесуінде Қазақстан Туын қирандылардың астынан алып шығуға атсалысқан жергілікті тұрғындарды марапаттады.

Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Президент былтыр стадионда футбол матчы болып жатқанда спорт кешенінің шатыры Тудың тұғырын басып қалғанын еске салып, сол кезде тұрғындар қауіп-қатерге қарамастан, шатырдың астынан Көк байрағымызды алып шыққанын ерекше атап өтті.

«Олардың Отанға деген адалдығын жастарға үлгі ету керегін айтқан Мемлекет басшысы Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев және Нұркен Намазға алғысын жариялады, — делінген Ақорда хабарламасында.

Еске салайық, мамырда TikTok желісінде стадионның шатыры опырылған сәтте Шымкент тұрғындары үйінді астынан Туды алып шыққан видео пайда болған еді.

Лайықты марапат!👏🏻👏🏻👏🏻

2️⃣ Ақан Сатаев Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті қызметінен кетті.

Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Қымбатты достар, бұл жазбамда талантты әрі табысты режиссер Ақан Сатаевқа «Қазақфильм» АҚ президенті ретінде жемісті еңбегі үшін үлкен алғыс білдіргім келеді. Бүгін Ақан Қарғамбайұлы аңызға айналған киностудияның басшысы қызметінен өз еркімен кетті. Оның алдағы шығармашылық жолы біздің кинематографымыздың дамуына үлес қосатын маңызды жобалармен толығатынына сенімдімін», — деп жазды министр.

Естеріңізге сала кетейік, Режиссер Ақан Сатаев «Қазақфильм» АҚ президенті болып 2020 жылдың шілде айында тағайындалған еді.

3️⃣ Ел басшысы Түркістанға ерекше мәртебе берілетінін жеткізді.

«Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын «, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Түркістан қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келгенін атап өтті.

«Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз», — деді ол.

Керемет!😍😍😍