Табыс & Шығыс айдары

Автор: редактор 23 апреля, 2025


Табыс & Шығыс айдары:

Қоғамда адамдық қасиеттің кемшін тартуына ақша жетіспеушілігі себеп боп жатқандай

💸 “Табыс & Шығыс” айдарында біз жасы, жынысы, мамандығы, тұрғылықты жері әртүрлі Қазақстан азаматтарының бір айда тапқан табысы мен шығынын есептейміз. Кіріс пен шығынды жатқа білу қаржы сауатын арттырып, қарыздан құтылып, табысты болуға жетелейді.

🔎 Бүгінгі кейіпкеріміз – Зейнеп Ұласбекқызы. Кеңсе менеджері боп істейтін ол, мемлекеттік мекемеден тұрақты жалақы алады. 31 жастағыЗейнеп үш баланың анасы. Екі дипломы бар. Бұрын декреттік демалысында түрлі тәттіні тапсырысқа жасап, аз-маз шағын кәсіппен де айналысып көрген. Қазір отбасымен Түркістан қаласында өз үйінде тұрады. Сондықтан пәтер жалдауға шығын шықпайды. Тұңғышы мемлекеттік ақысыз мектепте білім алса, қалғандары балабақшада. Жолдасы да тұрақты табыс тауып келеді.

💰 Отбасының бір айдағы табысы:

Жұмыстағы жалақы – 230 000 теңге
Қосымша табыс – жоқ
Жолдасының табатыны – 350 000 теңге
Жолдасының қосымша табатыны 50-100 000 теңге

Жалпы табыс – 630 000 теңге

💰Отбасының бір айдағы шығыны:

Азық-түлікке кететін шығын – 350 000 теңге
Кредиттерді өтеу – 100  000 теңге
Дәрі-дәрмекке шамамен —  10 000 теңге
Түскі асқа – 1500 теңге
Жол шығыны – 2000 теңге
Балабақша төлемақысы – 15 000 теңге
Күнделікті дүкенге кететін ақша – 2000 теңге
Коммуналды шығындар –  30 000 теңге
Киім-кешек  — 20 000 теңге
Той, туған күн шығындары –50 000-80 000 теңге
Балалар мен өзінің күнделікті қалта шығындары – 5000 теңге
Балаларға витаминдер алуға – 20 000-30 000
Сән салонына – 10 000 теңге
Күтім заттарына – 15 000 теңге

💴 Жалпы шығын – айына 660 000 теңге

Бір айдағы сальдо – 20 000-30 000 теңге

🗣️Зейнептің түсініктемесі:

Үш баласы бар отбасы болғандықтан, бізде шығын көп. Сәйкесінше жинаққа деген артық қаражат қолда қалмайды. Ең бастысы қаржы түскен бойда, базалық қажетке мақсатты түрде жұмсай білу керек. Ақша жетпей қалған тұсында қарыз не несие алуымыз шығын мен кірістің теңеспеуінен болып отыр. Қазіргі заманда төлемнің көпшілігі электронды болғандықтан, есеп жүргізу қиын емес. Тіпті шығындарды жазуға арнайы уақыт бөлмесеңде, барлығы көз алдыңда көрініп тұрады. Сондықтан “ақша қайда кетіп жатыр” деген сұрақ туындамайды. Бәрі айқын. Біз ата-анамызбен бірге тұратын болғандықтан, олардың да табысы отбасы мүддесіне жұмсалады. Дегенмен әр адамның жеке қажеттіліктері барын ескерсек, шығынға шығын қосылмақ.

Жалпы қазіргі жалақы мөлшері мен қымбатшылық екеуі өзара сәйкес келмейтінін анық байқауға болады. Бұл жерде тұтынушылық деңгейдің жоғары не орта болуының қатысы жоқ. Маңыздысы адам жұмыссыз қалмаса болды деп ойлаймын. Ал, жоғары білімі не белгілі бір жұмыс түрін жетік меңгермеген жан кез келген уақытта табыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретін енжарлықтан қашық болған жөн. Ақша жетіспеушілігі кесірінен адамдар қазір тек өзінің бас пайдасын жоғары қоятын болған. Содан әділдік деген ана жерден сығалап қарап қала береді.

Маңайымызды қазір тек пайда көруді, ақша жасап қалуды көздейтіндер көбейген секілді сезіледі. Бір-біріне жаны ашу  мен көмек қолын созу азайып барады. Мейірім деген шуақ сезім тапшы болып бара жатыр. Ең жаманы, осы адамдық асыл қасиеттердің кемшін тартуына ақша жетіспеушілігі себепші боп жатқан жоқ па деген ой мазалайды екен. Әрине, ең бастысы амандық пен саулық. Басты байлық материалдық дүние еместігін ұмытпау да керек деп ойлаймын.

📞 Өз отбасыңыздың бір айдағы қаржылық картинасымен бөліскіңіз келсе, «Табыс & Шығыс» айдарының колумнисті Мөлдір Бегімбетке хабарласыңыздар: WhatsApp +7 775 609 75 45