Кеш жарық, құрметті оқырман!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ең маңызды жаңалықтарын ұсынамыз ✅
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерге қойылатын талаптарды күшейтпек
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктер мен Қазақстан аумағындағы шетелдік банктердің филиалдары үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған қаулы жобасын дайындады.
Аталған құжатта мынадай негізгі өзгерістер ұсынылған:
• Жеке тұлғаның төлем қабілеттілігін бағалау барысында оны жоғары тәуекелді қарыз алушы ретінде танудың нақты критерийлерін енгізу;
• Жеке тұлғалардың берешегін қайта құрылымдау бойынша ішкі несиелік шешімдер қабылдау тәртібіне қойылатын талаптарды белгілеу;
• Тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға жауапты арнайы бөлімше құру.
«Тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында банктің бизнес-моделінде олардың құқықтарын қадағалап отыратын дербес бақылау бөлімшесінің болуы міндетті болады», – делінген жобада.
Қаулы жобасы 12 мамырға дейін қоғамдық талқылауға «Ашық НҚА» порталында қолжетімді.
Мәссаған!😶
Мұнай бағасының ауытқуы ішкі бензин құнына әсер етпейді — Энергетика министрі
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет кулуарында өткен брифингте «мұнай бағасының өзгерісі Қазақстандағы бензин құнына ықпал ете ме?» деген сауалға жауап берді.
Министрдің айтуынша, мұнай бағасының әлемдік нарықтағы құбылуы ел ішіндегі жанармай бағасына бұрын да әсер еткен емес.
«Бүгінде бізде халықаралық нарықтағы бағаға қарап ішкі нарықты қайта есептеу тәжірибесі қолданылмайды. Мұнай бағасы күн сайын бірнеше рет өзгеріп отырғанымен, бензин бағасы тек ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. Қазір елімізде үш ірі мұнай өңдеу зауыты тұрақты жұмыс істеп тұр, олар Қазақстанның бензин және дизель отынына деген сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан халықаралық бағаға тікелей тәуелділік жоқ», – деді Ақкенженов.
Министрлік ескерту жасапты📍
Алдағы уақытта Қазақстанда күн суытып, кей өңірлерде үсік жүреді
24–26 сәуір аралығында елімізде ауа райы күрт суытып, кейбір аймақтарда түнгі үсік күтілуде, деп хабарлайды синоптиктер.
Жалпы, Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз күн райы сақталады. Алайда түнгі мезгілде солтүстік және шығыс өңірлерде ауа температурасы -1…-3°С-қа дейін төмендеп, үсік жүруі ықтимал.
Батыс пен солтүстік-батыста циклонның ықпалымен тұрақсыз ауа райы қалыптасады: жаңбыр жауып, найзағай ойнап, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін. Сонымен қатар, көптеген өңірлерде жел күшейіп, оңтүстік пен оңтүстік-батыста шаңды дауыл тұрады. Ал таулы аймақтарда тұман күтіледі.
Үсік жүретін өңірлердің нақты кестесі:
• 24 сәуір – Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары;
• 24–25 сәуір – Павлодар облысы;
• 25 сәуір – Қарағанды облысы;
• 25–26 сәуір – Шығыс Қазақстан және Абай облыстары.
Мамандар тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын қолға алып, қажетті қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді.
Жылы киініп жүріңіздер!🙌🏻
Асхат Аймағамбетов магистратура мен докторантураға түсу кезінде ағылшын тілінен емтихан тапсыруды алып тастауды ұсынды
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов магистратура мен докторантураға қабылдау тәртібін өзгерту қажет екенін мәлімдеді.
Бүгінде елімізде магистратура мен докторантураға түсу үшін үміткерлер міндетті түрде ағылшын тілінен емтихан тапсыруы керек. Бұл талап оқыту тілі қазақ немесе орыс тілі болғанына қарамастан, баршаға ортақ.
“Ағылшын тілі ғылым үшін өте маңызды екені түсінікті. Ғылыми жаңалықтардың басым бөлігі дәл осы тілде жарияланады. Сол себепті бұл талап кезінде орынды шешім болды. Тіпті бұл ережені министр болған кезімде өзім бекіттім. Алайда уақыт өзгерді. Бүгінгі таңда біз жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық”, – деді депутат.
Оның айтуынша, қазір ChatGPT, Gemini сынды құралдардың көмегімен ағылшын тіліндегі мәтінді қазақ немесе орыс тіліне сапалы әрі жылдам аударуға болады. Бұл – ғылыммен айналысқысы келетін жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
“Айтылған талап студенттердің шет тілі деңгейін арттыра алған жоқ. Ең өкініштісі – қазақ әдебиеті, этнография, өнер салаларын зерттеуге ынталы жастар ағылшын тілінен өте алмағаны үшін магистратура мен докторантураға түсе алмай отыр. Сондықтан бұл талапқа қайта оралып, нақты өзгерістер енгізу қажет”, – деді Аймағамбетов.
Осы орайда депутат мынадай ұсыныстарын ортаға салды:
1. Ағылшын тілін мектеп кезінен бастап сапалы әрі жүйелі оқыту қажет. Бұған дейін 3–4 және 10–11 сыныптарда ағылшын сабағын аптасына 5 сағатқа дейін арттыру бастамасы болған, бірақ ол толық жүзеге аспады. Бұл бағытты қайта жандандыру қажет.
2. Түсу кезеңінде емес, оқу аяқталған соң ағылшын тілінен емтихан алу ұсынылады. Ал оқу барысында ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылуы керек.
3. Ағылшын тілінде оқытатын және қосдипломды бағдарламалар үшін бұл талап күшейтілуі тиіс. Яғни әр бағытқа жеке қарау қажет.
4. Scopus пен Web of Science базаларына мақала жариялау талабын да мамандық ерекшелігіне қарай саралау керек. Мәселен, қазақ филологиясы немесе музыка саласы үшін балама талаптар ұсынылғаны жөн. Бұл мәселе университеттердің құзырында болуы тиіс.
Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, мұндай өзгерістер ғылыммен айналысқысы келетін жастарға нақты мүмкіндік береді және білім беру жүйесін заман талабына бейімдейді.
Бұған не дейсіз? 🤔