Пластик бөтелкесін баспаңдар, жерде жатса контейнерге тастаңдар! Енді пластик бөтелкесін нан қиқымы секілді қастерлеп теріп жүруге тура келеді. Елдімекен ішінде де табиғат аясында да.Өйткені, пластикпен ластануды азайтуға бағытталған әлемдік деңгейдегі шаралар артуда. 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Осыған орай, БҰҰ-ның Қоршаған орта бағдарламасы хатшылығының өкілдері Алматыда кеп баспасөз турын өткізді. Осыдан 1,5 жыл бұрын БҰҰ-ның Қоршаған орта бағдарламасы хатшылығының таулы аймақты пластиктен тазарту жобасының бірі Алматыда жүзеге асқан еді. Атап айтқанда, «Аюсай» туристік ақпараттық орталығында іске асырылды. Біздің мемлекет әлем бойынша осындай жобаны жүзеге асырып отырған 11 мемлекеттің біреуі болып отыр.
—Пластик қалдықтары мәселесіне тереңінен мән беру бүгінгі шараның негізі мақсаты. Бізге Женева қаласынан БҰҰ өкілдері келіп отыр. Олар біздің жобаның қорытындыларымен танысып, қандай жетістіктеріміз бар соны бүкіл әлемге паш ету мақсатында кездесуде. Ал, «Аюсай» туристікорталығы 2024 жылдың наурызынан 2025 жылдың мамырына дейін 4263 кг пластик жинап, оны қайта өңдеу орындарына жөнелткен еді. Демалыс орны басшылығы туристерге қалдықты бөлек тастауға жағдай жасаған. Жинаған қалдықтарды арнайы экопункт орнына тікелей барады,-дейді жоба үйлестірушісі Жәнібек Мұқанов.
2025 жылы Дүниежүзілік қоршаған орта күні, осыған орай БҰҰ-ның қоршаған орта проблемаларына назар аударуды пластикпен ластануға арнады. Шара барысында БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы (ЮНЕП) секретариаты қарамағындағы Базель, Роттердам және Стокгольм конвенциялары жобасы аясында шалғайдағы таулы аймақтарда пластикпен ластануға қарсы күрес туралы баяндамасын жасады. Жалпы, пластикалық қалдықтардан ең көп зардап шегетін аймақтардың қатарында шалғай және таулы аймақтар бар екендігін көпшілік ескере бермейді. Дегенмен, соңғы жылдары пластикалық қалдықтардың дүниежүзілік мұхиттарға тигізетін әсеріне көп көңіл бөлінгенімен, таулы аймақтардағы ластану сирек тақырыптарға айнала бастады. Пластмасса – шалғай және таулы аймақтарда кездесетін қалдықтардың ең көп тараған түрі. Бұл аймақтарда пластик қалдықтарының артуына туризм ықпал етеді. Арктикадан Альпіге және Эверестке дейінгі шалғай және таулы аймақтарда да микропластиктер нағыз проблема. Бұл туралы қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды жоюды бақылау туралы Базель конвенциясының (https://www.basel.int/Implementation/Plasticwaste/Technicalassistance/Projects/RemoteandMountainousAreas) зерттеу материалын толығырақ білуге болады.
«Алыстағы және таулы аймақтардағы пластик қалдықтары» жобасы шалғай және таулы аймақтардағы әлеуетті күшейту арқылы осы мәселелерді шешуге бағытталған.
— Жалпы, таулы аймақтардың пластикпен ластануына оның шалғайлығы және шектеулі ресурстар, құқықтық және институционалдық негіздердің жеткіліксіздігі негізі себеп қой. Бұл проблеманы жою үшін оған арнайы инфрақұрылымның болуы өте маңызды. Осы ретте біздің жоба аясындағы таулы аймақты пластиктен тазарту мақсатындағы жұмыстары үлкен көмек деп ойлаймыз. Пластик 400 жылға дейін ыдырамайтыны көпшілікке аян емес пе?!Сондықтан, бүкіл ел болып мынандай әсем табиғатты қорғауға тиіспіз. Қоршаған ортаны аялауға әлем халқы болып үн қосса екен дейміз. Біз Қазақстаннан өзге тағы бірнеше елде осындай жобаларды жүзеге асыруға атсалысып жатырмыз,- дейді UNEP ғылыми-техникалық көмек көрсету секторының бағдарлама қызметкері Мехрнуш Азоди.
«Аюсай» туристік орталығында контейнерде жиналған пластик қалдықтарын сығымдауға арналған арнайы машина бар. Мұнда күніне 3-4 қап пластик бөтелкелері жиналады. Сонда айына кемі 50 кг-нан жоғары пластик сығымдалып, ары қарай қайта өңдеу зауыттарына жөнелтіледі. Сығымдау машинасында жұмыс істеп тұрған маманның айтуынша, арнайы көліктер айына екі рет келіп алып кететін көрінеді. Орталықтың өзінде осындай сығымдау машинасының болғаны үлкен артықшылық. Себебі, сығымдалған қалдық аз орын алып, есесіне көп салмақ болып қажетті шикізат ретінде қалдықты жинаушы компанияға дайын күйінде барады. Сондықтан, орталыққа келуші қонақтардың да бұған үлесі мол. Тиісінше, олар жауапкершілікті де сезінуі маңызды. Мұндағы қызмет көрсетуші гидтер жобаның арқасында шашылып жерде жататын қоқыстар азайды дейді. Яғни, демалушылардың экологиялық мәдениетін көтеруде де ықпалы бар.
—Біз келушілердің жекебас қауіпсіздігімен қоса, қалдықты сұрыптап тастау әрекетіне үлес қосамыз десек болады. Бұдан бөлек, жерде жатқан қалдықтарды теріп, әрқайсысын бөлек жинаймыз. Демалыс күндері келушілердің көптігіне байланысты, контейнерлерді кеміне үш рет ауыстырамыз. Қалдықты қалай болса солай жүрген жерінде тастайтындар қатарына жастар да, үлкендер де кіреді,-дейді орталық гиді.
Сығымдалып дайын тұрған пластиктер қайта өңдеу кәсіпорнына жөнелтіледі. Женевадан келген өкілдермен бірге Алматы облысында орналасқан тұрмысқа қажетті 2,5 мыңға жуық тауар түрін шығаратын зауытқа ат басын бұрдық. Өкініштісі, мұндай кәсіпорындар елімізде санаулы ғана. Мұнда айына 300 тонна пластик қалдығын өңдейді.
-Біз пластик қалдықтарын облыс бойынша жинаймыз. Дегенмен, пластикті өздері алып келіп беретін адамдар да бар. Олар, жағып жібермей немесе басқа да қалдықтармен араластырып қоқыс жәшігіне апара салмай әкелуі олардың табиғатқа жанашырлығын білдіреді деп ойлаймын. Адамдарға пластикті дұрыс утилизация жолын түсіндіруді әлі жалғастыру керек. Себебі бұл еліміз үшін, планетамыз үшін өте маңызды, — деді өндірістік компаниясы директорының орынбасары Валерий Белодский.
Қалдықтар бір-бірімен араласпағанда ғана бағалы шикізат көзі саналады. Ол үшін, әр адам оны сұрыптап тастай білуі маңызды. Бөлек-бөлек таза күйінде жиналған қалдық түрлері табиғатқа зиянсыз болуымен қоса, кәсіпорын жұмысының жандануына да сеп.
Мөлдір Бегімбет