Телефон, Хостел, Бахила. 30 қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 30 Қараша, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қазақстанда мектеп оқушыларына сабақ үстінде телефон қарауға шектеу енгізілді.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңы қабылданды.

Қазіргі таңда ұстаздар тарапынан туындаған негізгі мәселе – оқушылардың сабақ үстінде телефон пайдалануы. Осыған байланысты бірнеше шектеу енгізілді. Себебі бұл білім алуға кері әсерін тигізетін негізгі факторлардың бірі.

Депутат Асхат Аймағамбетов мұндай норма тек сабақ кезінде ғана шектеуге арналғанын айтты. Ал баланың үзілісте пайдалануына шектеу қойылмайды.

“Сабақ кезінде бала әлеуметтік желілерді қарап отырады. Бұл – дұрыс емес. Егер мұғалімнің сабақ жоспарында кейбір қосымшаларды пайдалану қажет болса, онда сабақ кезінде инновациялық технологиялар мақсатында смартфонды қолдануға рұқсат етіледі. Атап айтқанда, жалпы мектепте пайдалануға шектеу қарастырылмаған”, – деді депутат.

Жаңа заңға қалай қарайсыз?🤔

2️⃣ Алматы хостеліндегі 13 адамның өлімі: Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.

Мемлекет басшысы Алматыдағы хостелде қаза тапқандардың жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты.

«Мемлекет басшысы Алматы қаласындағы хостелдердің бірінде қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты», – делінген хабарламада.

Қайғылы жағдайға кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады. Үкімет пен әкімдікке зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету тапсырылды.

Еске салайық, бұған дейін 30 қарашада сағат 5:33-те Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде өрт шыққаны хабарланды. Алдын ала деректер бойынша, 13 адам қаза тапқан.

Имандары жолдас болсын! Жақындарына қайғырып көңіл айтамыз!🤲🏻

3️⃣ Атырауда оқушылар биопластиктен бахила жасап шығарды.

Бұл туралы Uide.zhatpa Jibek Joly телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

9 сыныпта оқитын Адия мен Әйгерімге бұл идея аяқ-астынан келген. Қиялдағы жобаны екі оқушы әуелі қағазға түсіріп, жетекшілеріне көрсеткен. Осылайша, жас ғалымдар аймақтың қолайсыз ауа-райына әрі экологиясына пайдалы бахиланы ойлап тапты. Оны өндіру үшін арнайы қоспалар қолданған.

“Қазіргі уақытта қолданыста биопакеттер бар, бірақ бахиллалар жоқ. Жауын-шашынды күндері балшықтан арылмайтын Атырау үшін мұндай экологиялық таза бахилланың пайдасы көп. Біз мұны өндіру үшін крахмал мен глицеринді қолдандық. Жобаны жүзеге асыруға Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігі мүмкіндік берді”, – дейді жас ғалым Әдия Еңсепова.

Жоба жетекшісі Әсел Оңдашева Атыраудың Абай орталығындағы STEAM курсы оқушылары үшін тегін екенін айтады. Қазір мұнда 6 мыңнан аса тәлімгер бар. Олар түрлі курстарға қатысып, ғылыми жобалармен айналысып жүр.

Талантты оқушыларымыздың қатары көбейе берсін!👍