Телеграм, Корея, Азаматтық. 14 қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 14 октября, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстан азаматтығын алу үшін жаңа талаптар белгіленді

Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 8 қазандағы бұйрығымен  Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді білуге қойылатын талаптар белгіленді.

Азаматтыққа қабылдау немесе азаматтықты қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді бастауыш деңгейде, Конституция негіздері мен Қазақстан тарихын білудің көлемі бекітілді.

«Азаматтыққа қабылдау кезінде мемлекеттік тілді бастауыш деңгейде білу кемінде 36 балл, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін білу 9 балдан кем емес, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу көлемі 15 балдан кем емес ұпай болып бекітілсін», – делінген құжатта.

Бұйрық 12 қазанда күшіне енді.

Неше ұпай жинау керек екені айтылыпты📍

2️⃣ Енді қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істей алады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Оңтүстік Кореяның бірнеше талап қойғанын мәлімдеді. Оны орындағаннан кейін қазақстандықтар сол елге заңды жұмыс істеуге бара алады. Бұл туралы Sputnik Қазақстан мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Қазақстан тиісті келісімшартты рәсімдеп, Оңтүстік Кореяға жіберді. Енді сол мемлекеттің ресми органдары қол қоюы қажет. Бұдан бөлек, Корея бірнеше талап қойып отыр. Олар:

Қазақстан елшілігінде арнайы атташе лауазымын енгізу (ол адам тек заңды түрде келіп жұмыс істейтіндермен айналысуы шарт);

Кореяда заңсыз жүрген 15 мыңға жуық қазақстандықты елге қайтару;

жұмысқа келетіндердің халықаралық куәлік алуы;

«Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар қазір әуежайға барып, елге қайтатын болса, оларға қатысты ешқандай шара қолданылмайды. Ал қалып қойса, тиісті құқықтық міндеттемелер болады», — деді Жақыпова мәжілісте өткен брифингте.

Айта кетері, бұдан былай Кореяда заңды түрде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтар екі емтиханнан өтеді. Сынақ екі бөлек жерде тапсырылады.

Министрлік бірнеше талапты атапты👍

3️⃣ Telegram Қазақстанда кеңсесін ашады

Telegram Қазақстанда кеңсесін ашады, деп хабарлады Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

«Telegram-ның өкілін тағайындап, кеңсесін ашу туралы олармен келісімге қол жеткізілді – бұл контентке бақылауды арттырудың маңызды қадамы», — деп атап өтті министр.

Ол республика заңнамасына сәйкес, барлық интернет-мессенджерлік платформаның Қазақстанда өкілі болуы керектігін еске салды.

«Біз сондай-ақ сәйкес заңсыз контентті тез жою және деструктивті каналдарды бұғаттау үшін Telegram-мен белсенді ынтымақтастық орнатып жатырмыз», — деді ол.

Министрдің айтуынша, ведомство цифрлық платформаларда қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді инфрақұрылым құру бойынша халықаралық серіктестермен жұмысты жалғастырады.

Бақылауды нығайту үшін осындай шара қабылдапты🔥