Теннис, Кітап, Кино. 11 қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 11 октября, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Испаниялық әйгілі теннисші Рафаэль Надаль спорттық карьерасын аяқтайтынын мәлімдеді

2024 жылдың қарашасында өтетін Дэвис кубогынан кейін спортшы тенниспен қош айтысуды жоспарлап отыр. Үлкен дулығаның 22 дүркін чемпионы Рафаэль Надаль бұған дейін де өзінің карьерасын аяқтау туралы пікір білдірген болатын. Сонымен қатар ол “Ролан Гаррос” турнирі оның спорттық мансабындағы соңғысы болуы мүмкін екенін де атап өткен.

Надаль теннис тарихындағы ең табысты спортшылардың бірі болды. 38 жастағы испаниялық спортшы 209 апта бойы әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесіне ие болды және “Ролан Гарросты” 14 рет жеңіп алған. Сондай-ақ екі мәрте Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанған. Өзінің спорттық карьерасында Надаль 92 жеке титул жеңіп алған, оның 36-сы “Мастерс” сериясындағы жеңістер.

Осы қараша айында соңғы ойынын өткізеді екен🥹

2️⃣ Қазақстандық “1286” сериалы Пусан кинофестивалінде “Ең үздік азиялық контент”номинациясы бойынша марапатқа ие болды

Пусан кинофестивалі әлемдегі ең беделді бес кинофорумның қатарына кіреді. Биыл фестивальде 63 елден 279 фильм көрсетілді.

“1286” — бұл адам ұрлау және оларды құлдыққа сату туралы сериал. Оқиға 1997 жылы орын алады. Адал жар және дәрігер Аман еңбек етіп, басқаларға үлгі болуға тырысады. Алайда барлығы оны заңсыз ұрлап, еңбек құлдығына сатқан кезде өзгереді.

Киносериал режиссері — Әлішер Утев. Түсірілім барысы 2022 жылдың тамызынан қазанына дейін өтті.

Құтты болсын!🔥

3️⃣ Астанада “Бекзат Саттарханов кім?” атты балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптың тұсаукесері өтті

11 қазан күні Астана қаласы «Қазмедиа орталығында» Бас редакторлар клубының қолдауымен белгілі журналист, ақын, жазушы Азамат Әбілқайырдың «Бекзат Саттарханов кім?» балалар және жасөспірімдерге арналған кітабының тұсаукесері өтті.

Оқырманға жол тартып отырған бұл кітап балалар әдебиетінің дамуына өз үлесін қосады. Кітапта Сиднейде өткен Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың  өмірі мен әлемге танымал спортшы болғанға дейінгі кәсіби жолы жазылған. Кітаптағы оқиғалар боксшының ата-анасы мен замандастарының естелігінен алынған.

Кітап авторы Азамат Әбілқайырдың айтуынша, кітап жазу процесі бір айға созылған. Оған дейін зерттеу жұмыстары басымырақ болған. Боксының анасы Сырлыкүл Саттарханова кітаптың қолжазбасын бірнеше рет оқып, өз пікірлерін айтып отырған.

«Бұл кітапта боксшының қызықты да қиын өмір жолы, қызықты сәттері, саналы ғұмырын қазақ бокс стилін қалыптастыруға зор үлес қосқаны, ел үшін сіңірген ерең еңбегі дәріптеледі», — деді кітап авторы.

Тамаша!😍