Теннис, Мүгедектер, Автокредит. 27 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 27 Желтоқсан, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Теннистен Қазақстан құрамасы алғаш рет өтетін United Cup турнирінде бақ сынайды.

29 желтоқсан – 8 қаңтар аралығында Аустралияның Брисбен, Перт және Сидней қалаларында алғаш рет United Cup командалық турнирі өтеді.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Хопман кубогі және ATP Cup жарысының орнын басатын аталмыш додаға қатысушылар ATP және WTA рейтингісінде 500 ұпайға дейін ие болып, сондай-ақ табыс қорын толықтыра алады.

Қазақстан намысын Юлия Путинцева (№51), Жібек Құламбаева (жұптық сында №202), Гөзал Айнитдинова (жұптық сында №392), Александр Бублик (№37), Тимофей Скатов (№142), Денис Евсеев (№292) және Григорий Ломакин (жұптық сында №205) қорғайды.

В тобында қазақстандықтар Польша және Швейцария құрамаларымен сынға түседі. Бұл топтағы бәсекелердің бәрі Брисбенде өтеді.
Бір қызығы, Қазақстан әйелдер құрамасы Польша теннисшілерімен Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу сатысында алдағы жылдың сәуірінде Астанада да ойнайды.
Польша құрамы: Ига Свентек (№1), Хуберт Хуркач (№10), Магда Линетт (№48), Каспер Жук (№245), Даниэль Михальский (№260), Алиция Росольская (жұптық сында №32), Лукаш Кубот (№245).

Тамаша жаңалық! Жеңіс тілейміз!🔥👏🏻

2️⃣ Министр жеңілдетілген автокредит бойынша кезекте тұрғандардың бәрі көлігін алатынын мәлімдеді.

«Қазір банктер ақшаны сәл жинап, кредитті кейін береміз деген шешім қабылдады. Әрине, олар өздері біледі. Бұл оларға қатысты бизнес процесс. Бірақ, менің ойымша, күнделікті түскен ақшаны күн сайын беріп отыру керек. Жеңілдетілген автокредитті тоқтатпай, халықты да шулатпай, бұл процесс күн сайын жүруі керек», – деді Өскенбаев үкімет кулуарында.

Ол алғашында жеңілдетілген кредит бағдарламасы бойынша 15 мың адам кезекте тұрғанын, соның 13 мыңы көлік алғанын еске салды. Содан кейін қосымша 16 мың адам көлік алуға өтініш берген. Бұл ретте министр кезекте тұрғандардың бәрі қалаған көлігін сатып алатынына сендірді.

«Әрине, олар көлігін ала алады. Біз жыл сайын өндіріс көлемін арттырып жатырмыз. Биыл 110 мың көлік шығардық. Келесі жылы 120 мың көлік жоспарлаған едік, бірақ одан көбірек шығаратын болдық. 130 мың көлікке дейін жеткіземіз», – деді Өскенбаев.

Ал сен көлік алып үлгердің бе? Әлде кезекте тұрсың ба?🤔

3️⃣ Қазақстандықтарға мүгедек туыстарына қарағаны үшін жалақы төленеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедек адамға қызмет көрсету ісіне отбасы мүшелерін барынша тартуды жоспарлап отыр.

Министр Тамара Дүйсенованың айтуынша, отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде рәсімделеді.

«Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша отбасының еңбек жасындағы жұмыссыз мүшелері қызметке орналасады. Сөйтіп әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру шараларымен толық қамтылады», – деді Дүйсенова үкімет отырысында.

Сондай-ақ әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау аясында әлеуметтік қызметкерлер институтын күшейту көзделіп отыр.

Яғни, еңбекақы төленіп, зейнетақы жарналары аударылады.📌