Теннис, Тайланд, Олимпиада. 22 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 22 Сәуір, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстандық теннисші Бейбіт Жұқаев әлемдік рейтингіде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Александр Бублик 18-орнын сақтап қалса, Александр Шевченко 63-тен 59-ға, Михаил Кукушкин 132-ден 129-ға көтерілді.

Бейбіт Жұқаев 189-дан бірден 182-ге жоғарылады. Осылайша, Бейбіт өзінің бұрынғы үздік көрсеткішін (186) жаңартты.

Денис Евсеев 185-тен 184-ке шықса, Дмитрий Попко 233-тен 234-ке, Тимофей Скатов 267-ден 271-ге төмендеді.

Рейтингте алғашқы үштікте сербиялық Новак Джокович, италиялық Янник Синнер, испаниялық Карлос Алькарас тұр.

Жұптық сында аустралиялық Мэттью Эбден көш бастаса, содан кейін оны үндістандық Рохан Бопанна, испаниялық Марсель Гранольерс өкшелеп келеді.

Қазақстандықтардан Александр Недовесов 40-тан 42-ге, Андрей Голубев 78-ден 88-ге сырғыды.

Тамаша!🔥

2️⃣ Қазақстандықтар Таиландқа визасыз бара алады.

Премьер-министр Олжас Бектенов визалық талаптардан босату туралы Таиландпен келісім жобасын мақұлдады.

«Бір тарап мемлекетінің азаматтары, қолданылу мерзімі кемінде 6 айдан кем болмауға тиіс жарамды жол жүру құжаттарының иелері, екінші тарап мемлекетінің аумағына келу, одан кету, транзитпен өту, онда уақытша болу үшін келген күнінен бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын, күнтізбелік 180 күндік әр кезең ішінде жиынтығы күнтізбелік 90 күн болатын кезеңге визалық талаптардан босатылады», – делінген келісім жобасында.

Яғни, қазақстандықтар Таиландта үздіксіз 30 күн бола алады. Ал алты айдың ішінде барлығы 90 күн жүруге болады.

Келісім екі елдегі ішкі рәсімдер аяқталған күннен кейін күнтізбелік 30 күннен соң күшіне енеді.

Енді шығын да аз болады екен👍

3️⃣ Бішкекте өткен күресте Қазақстан құрамасының 3 балуаны Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды.

Соңғы күні бозкілемге грек-рим күресінің шеберлері шықты. «Бішкек Аренадағы» байрақты бәсеке аса тартысты басталды. Әсіресе біздің жігіттер үшін жауапкершілік үлкен болды. Өйткені күрестің дәл осы түрінен бір ғана жолдамамыз бар еді. Оны былтыр Нұрсұлтан Тұрсынов жеңіп алған, деп хабарлады 24KZ.

Енді бұл жолы бозкілемге 5 спортшымыз шықты. Оның 3-еуі үмітті ақтап, лицензияға қол созды. Атап айтқанда, Айдос Сұлтанғали, Демеу Жадыраев және Әлімхан Сыздықов қарсылас шақ келтірмеді.

Жарыс ережесі бойынша Олимпиада жолдамасы финалға шыққан спортшыларға ғана беріледі. Міне, осы мүмкіндікке бір қадам жетпей тоқтаған жерлесіміз бар. Яғни, негізгі үміттердің бірі болған Мейіржан Шермағахамбет жартылай финалда есе жіберді. Осылайша, күрес түрлері бойынша ұлттық құрамадағы жолдаманың жалпы саны жетеуге жетті. Яғни, классиктер 4 лицензия иемденсе, еркін күрес шеберлерінің еншісінде 3 жолдама бар. Әзірге тек әйелдер күресінде бірде-бір спортшымыз осы мүмкіндікке қол жеткізе алмады.

Құтты болсын!👏🏻