Теннис, Турист, Телехикая. 14 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 14 мая, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қытайда “Менің Алтайым” телехикаясы бас телеарна рейтингісінде топ бастады.

Қытай қазақтары туралы “Менің Алтайым” атты 8 бөлімнен тұратын туынды Қытай Орталық Телевизиясы CCTV-1 телеарнасындағы көрілімі ең жоғары телехикая атанды.

Рeople.com сайтының мәлімдеуінше, телехикая көгілдір экранға шыққан алғашқы күні-ақ бірінші орынға шыққан.

Сондай-ақ, Қытайдың онлайн видео платформасындағы телехикаяның көрілімі алғашқы екі күнде 10 миллионнан асты. Ал қытайлық 抖音(Tiк Tok) және 微博(Weibo) әлеуметтік желілерінде «Менің Алтайым» ең көп ізделген сөзге айналған.

Zhihu.com сайтының хабарлауынша, “Менің Алтайым” туындысы қытайлықтардың Шыңжаңға көптеп саяхаттап келуіне себеп болған. Бұл күнде, телехикая түсірілімі болған әсем тәбиғатқа келушілер саны артып, жергілікті қонақүйлерге тапсырыс артты.

Керемет! 🔥

2️⃣ Елдегі туристік аймақтарының тізімі ТОП-20-ға дейін кеңейтілді.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты.

«Биыл басым туристік аймақтардың тізімі ТОП-20-ға дейін кеңейтілді. Осылайша, барлық аймақта өсудің ең перспективалы орындары анықталды. Әр дестинацияда басым туристік аймақтар құру жоспарланып отыр. Министрлік туризмде инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуына тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 131 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды», — деді ол.

Оның атап өтуінше, 2023 жылы Маңғыстау облысының «Жылы жағажайына» инфрақұрылымды жеткізу бойынша бірқатар жобалар аяқталды. Биыл Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында үш әуежай терминалының құрылысын аяқтау жоспарланған.

«Бұл жолаушылар ағынын едәуір арттырып, туристік дестинациялардың қолжетімділігіне оң әсер етеді», — деді министр.

Бұл да бір жақсы жаңалық болды👍

3️⃣ 12 қазақстандық жасөспірім әлемдегі ТОП-100 теннисші қатарына енді.

Қазақстандық жас теннисшілер ITF (Халықаралық теннис федерациясы), TE (Еуропа теннисі) және ATF (Азия теннис федерациясы) жасөспірімдер рейтингісінде жоғары көтерілді.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Әмір Омарханов 18 жасқа дейінгілер арасында ITF Juniors рейтингісінде бұрынғыша 14-орында тұр. Даниал Рахматуллаев — 73, қыздар арасында Соня Жиенбаева — 29, Асылжан Арыстанбекова 40-сатыда.
Tennis Europe рейтингісінде 14 жасқа дейінгілер арасында Родион Трайгель — 28, Роберт Каминский — 33, Аңсар Ниетқалиев — 81, Ахмади Маханов — 83, қыздардан Линара Бөлешева — 60, Руслана Русланова 95-сатыға жайғасты.

ATF рейтингісінде 16 жасқа дейінгілер арасында Айша Сайран көш бастаса, Аделина Маманфина екінші орында келеді.

Құтты болсын!👏🏻