Терроризм, ҰБТ, Кредит. 12 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 12 Мамыр, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Ұлттық бірыңғай тестілеуге оқушыларға еркін киіммен қатысуға рұқсат етілді.

Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Сондай-ақ оқушыларға өзімен бірге су және шоколад алып кіруге болады.

«Құрметті талапкерлер! Сіздерге ҰБТ-ға мектеп формасымен келудің қажеті жоқ екенін айта кетейік. Яғни тестілеуге еркін киімде қатысуға болады. Бірақ этикаға сай, ұқыпты киініп келулеріңізді сұраймыз», – делінген ақпаратта.

Айта кетейік, биыл ҰБТ 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді.

Жаңа заңға қалай қарайсың?🤔

2️⃣ Отбасы банк 15 мамырдан бастап кредит бойынша мөлшерлемені төмендетеді.

Отбасы банк биыл 15 мамырдан бастап аралық заемдар бойынша мөлшерлемені төмендетеді. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Отбасы банкінде аралық заемдар бойынша сараланған сыйақының төмендетілген мөлшерлемелері қолданылады. Осыған дейін жылдық мөлшерлеме 7%-дан 11,5%-ке дейін болған (ЖТСМ 7,4% бастап). Енді бұл 6% – 10% (ЖТСМ 6,2% бастап) төмендейтін болды.

«Кредит бойынша мөлшерлеме көлемі қаражатты депозитте жинақтау мерзіміне және оны толықтыру жиілігіне байланысты болады. Бұл өлшемшарттарды бағалау үшін Отбасы банк бағалау көрсеткішін қолданады. Бағалау көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, несие бойынша мөлшерлеме соғұрлым төмен болады», – делінген банк мәлімдемесінде.

Осы уақытқа дейін Отбасы банктегі депозиттеріне алдын ала қаражат жинамай, тұрғын үй құнының 50% бірден салған клиенттер 11,5% құрайтын ең жоғары мөлшерлемемен аралық тұрғын үй заемын алуға үміткер бола алатын.

Енді банк жинақтау тәсілін өзгертеді. Тұрғын үй құнының 50%-ін аударған сәттен бастап 3 ай мерзім өткеннен кейін ғана алуға болады. Тек содан кейін банк 10% тең болатын ең жоғарғы мөлшерлеме бойынша несие береді.
Келісілген соманың 50%-і салымға аударылған кезде, бағалау көрсеткіші:

2,5 болатын мәніне клиент – 3 айда,

3,3-тен жоғары бағалау көрсеткіші барлар – 4 айда;

4,2-ден жоғары – 5 айда;

5-тен жоғары – 6 айда;

7-ден жоғары – 8,5 айда;

10-нан жоғары – 12 айда қол жеткізеді.
2022 жылы барлығы 79 872 несие берілген, оның 68% – аралық заемдар. Мұндай кредиттердің дені мәні нөлдік балдық көрсеткішпен берілген. Яғни қарыз алу кезінде клиенттің қаражаты депозитте жинақталмайды, сондықтан жүйеде жұмыс істемейді деген сөз.
Жинақтау және қарыз беру балансы – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі басты қағида. Клиенттердің бірі қаражат жинақтап жатқанда, басқалары қарыз алады. Бұл жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ қаражатын жинақтай білген салымшыларға төмен мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік береді.
Бағалау көрсеткішінің мәніне байланысты аралық тұрғын үй заемдарының сыйақы мөлшерлемелері төменде көрсетілген бағдарламалар бойынша қолданылады:

1.Банктің нарықтық бағдарламалары – жаңа және қолданыста болған тұрғын үй сатып алу, жер учаскесін сатып алу, тұрғын үйді жөндеу және жаңалау, тұрғын үй салу мақсаттары үшін.

2.»Кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» жобасы бойынша кредит беру талаптары, «Өз үйім» бағдарламасы.

3.»Жаңа баспана» (тұрғын үй төлемдерін алушылар үшін).
2023 жылдың 15 мамырындағы жағдай бойынша заем алуға алдын ала мақұлдауы бар банк клиенттері несиені бұрынғы талаптармен ала алады.
Тұрғын үй және алдын ала заемдар бойынша мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады.

Үй алуға керемет мүмкіндік берілейін деп тұр екен!👍

3️⃣ Қазақстан мектептерінде терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтеді.

Бүгін, 12 мамыр еліміздің барлық мектебінде терроризмге қарсы қауіпсіздік оқу-жаттығуы өтеді. Оған мемлекеттік және жекеменшік мектеп оқушылары, мұғалімдер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері қатысады, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті.

Оқу-жаттығу барысында «Білім беру объектілерінде терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық» аясында бекітілген алгоритмдер тәжірибе жүзінде пысықталады.

«Іс-шара барысында мектеп ұжымына терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі алгоритм нұсқамасы беріліп, тиісті деңгейде орындалуы қадағаланады. Оқушыларға нұсқау беріліп, қызметкерлер мен білім алушыларды жедел эвакуациялау ұйымдастырылады. Техникалық құралдардың яғни, дабыл түймесі, турникет және бейнекамералардың жұмыс істеуі және дабыл түймелері арқылы шақырылған жағдайда жеке күзет ұйымдарының жедел әрекет етуі тексеріледі», – дейді комитет төрағасы Насымжан Оспанова.

Оқу-жаттығу жүргізудегі түпкі мақсат – техникалық құралдардың тұрақты жұмыс істеуін бақылаудан бөлек, қауіп төнген жағдайда оқушылар, мұғалімдер мен қызметкерлердің дұрыс әрі қауіпсіздікті сақтап, жедел әрекет етуіне бағдарлау.

Айта кетері, оқу-жаттығу тек профилактикалық мақсатты көздейді. Білім беру ұйымдарын терроризмнен қорғау, қауіптің алдын алу үшін мұндай жаттығулар тұрақты жүргізіледі.

Жақсы бастама!🔥 Тағы қандай өзгерістер енгізілгенін қалайсың?