Тик ток, Кітап, Педагог. 7 қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 07 ноября, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Парижде “Менің атым Қожа” кітабының француз тіліндегі аудармасы таныстырылды

Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде белгілі жазушы, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтті. Іс-шара аясында “Менің атым Қожа” кітабының француз тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері ұйымдастырылды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, конференцияға ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Эрнесто Оттоне, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымындағы Қазақстан өкілі Бақытжан Омар қатысты.

Қатысушылар Бердібек Соқпақбаев кітабының аудармасы француз оқырмандарына қазақ мәдениетін танытып, Қазақстан халқының бай дәстүрлері мен құндылықтарын ашатынына сенім білдірді.
Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығының ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілуі оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің маңыздылығын көрсетеді. 1952 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған қаламгер көзі тірісінде-ақ қазақ балалар әдебиетінің классигі ретінде танылды. Балалардың ғана емес, ересектердің де сүйікті жазушысына айналған оның шығармашылығы ұрпақ тәрбиесінде әлі күнге өзектілігін жоймай келеді.

Қазақстан тарапы ЮНЕСКО-ға іс-шараны ұйымдастырудағы қолдауы үшін алғыс білдіріп, қазақ халқының мұрасын халықаралық аренада насихаттайтын мәдени іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.

Тамаша!😍

2️⃣ Ресейдің үш қаласында қазақ мектептері ашылады

Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ресейде қазақ мектептерін ашу мәселесін талқылағанын мәлімдеді.

Астанада өткен кездесуде екі елде қазақ және орыс тілдерінде білім беретін мектептер ашу жөніндегі бастамалар көтерілді.

Лавров Қазақстанда орыс тілінде оқытатын үш мектеп ашу туралы келіссөздер жүргізілгенін айтты.

«Қазақстандық достарымыз өз кезегінде тура сондай қазақ тілінде оқытатын бірлескен мектептерді Ресей Федерациясының Орынбор, Омбы мен Астрахань қалаларында ашуға мүдделі. Бұның барлығы екі жақты байланысты нығайтуға бағытталған. Ал бірлескен бастамалардың арта түсуі екі елдің ынтымақтастығын одан әрі күшейтпек», — деді Лавров Астанада өткен брифингте.

Есесесіне, Қазақстанда да орыс мектептерінің саны артпақ🤔

3️⃣ TikTok жыл сайынғы педагогтер байқауын жариялайды

Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен TikTok қысқа бейнероликтерді әзірлеуге арналған жетекші платформа #Қазақстанмұғалімдері немесе #УчителяКазахстана хәштегімен байқау жариялайды.

Министрліктің мәліметінше, байқау үшінші жыл қатарынан өтуде, оған мектеп мұғалімдері де, колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары да қатыса алады.

Аталған бастама еліміздің педагогтерін платформа аудиториясымен өз тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік береді. Өткен жылдардағы байқау жеңімпаздары Ботагөз Омарова, Игорь Гноева, Хайдар Мырзахметов өз бейнероликтері арқылы миллиондаған лайк жинап, әлеуметтік желі қолданушыларының ықыласына бөленген еді.

Байқау арқылы мен білім беру мазмұнын құрудың жаңа тәсілдерін табуға және өз білімімді бөлісуге үйрендім. Бұл маған дәстүрлі оқыту шеңберінен шығып, оқушыларға күрделі тақырыптарды түсінікті және қызықты жеткізудің жолын табуға мүмкіндік берді. Оқушыларымның физиканы талқылап, өз ойларымен бөлісіп, тіпті эксперимент үшін жаңа идеялар ойлап тауып жатқанын көру мен үшін ерекше қуаныш болды, — дейді 2023 жылғы байқаудың жеңімпазы, физика пәнінің мұғалімі Хайдар Мырзахметов.

Байқауға TikTok-та танымдық контент жасайтын немесе оны бастағысы келетін мектеп мұғалімдері мен колледждер, жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысады Қатысушылар 4 қараша — 3 желтоқсан аралығында платформада өз пәні бойынша қысқа танымдық бейнероликтер жариялауы қажет.

Роликтердің ұзақтығы кемінде 30 секунд және #Қазақстанмұғалімдері хэштегінің көрсетілуі маңызды.

Биылғы жылы ұлттық байқаудың үш жеңімпазы болады. Олар критерийлер жиынтығы негізінде, соның ішінде лайк, қаралым саны, бейнеролик сапасы және оқытылатын пәнге сәйкестігі негізінде бағаланады.

Байқау жеңімпаздары iPhone 16 Pro смартфондарына ие болады екен🔥 Мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар!