TikTok, Жастар санаты, Әскери борыш.26-шы қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 26 Қазан, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ TikTok қазақ тіліне аударылады.

Бұл туралы TikTok -тың Қазақстандағы бас директоры Анастасия Панина хабарлады.

«Біз платформада жаңа контент жасап жатқан көптеген музыканттарды, мұғалімдерді, жас аналарды көріп отырмыз. Біз қоғамға жақын болғымыз келеді, сондықтан осы күзде Қазақстанда өкілдік ашамыз. TikTok-тың мазмұнын барынша қызықты әрі пайдалы ету үшін білім беру ұйымдарымен, мемлекетпен бірге көбірек жобалар шығарамыз. Қазір TikTok қосымшасы қазақ тіліне аударылып жатыр», – деді Панина.

Компанияның кеңселері Астана мен Алматыда болады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Astana Media Week-2022 форумында айтылды.

Айта кетейік, бұған дейін компанияның вице-президенті Тео Бертрам Digital Bridge халықаралық форумында TikTok күзде Қазақстанда өз өкілдігін ашатынын мәлімдеген болатын.
Astana Media Week үш күн – 26-28 қазан аралығында жалғасады. 150 отандық және халықаралық спикер сөз сөйлейді деп жоспарланған. Биылғы жылғы шараның тақырыбы – «Жаңа шындық – жаңа медиа».

Енді бұл әлеуметтік желіде де жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге болады😍🔥

2️⃣ Енді 35 жасқа дейінгі қазақстандықтар «жастар» санатына кіреді.

Парламент мәжілісі тиісті заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.

Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Құжатта «жастар» санатының жас шегін 29-дан 35-ке дейін ұлғайту көзделген.

«Депутаттар заң жобасына «жастар» ұғымының жас шегін жиырма тоғыздан отыз бес жасқа дейін ұлғайтуға бағытталған түзету енгізді. Бұл жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, оптимизмін, ертеңгі күнге деген сенімділік сезімін нығайтуға мүмкіндік береді және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді», – деді депутат Жәмила Нұрманбетова.

Сонымен қатар, әкімдіктерге тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің даму басымдықтарын ескеріп, жастарға жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй беру жөнінде бағдарлама әзірлеу және іске асыру бойынша жаңа құзырет беріледі.

Жаңа заңнамаға қалай қарайсың?🤔

3️⃣ Жоғары оқу орындары әскери борышын өтегендерге 3000 грант бөледі.

Бұл туралы қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді.

«Бүгін қорғаныс министрі 44 жоғары оқу орнымен әскери борышын өтегендерге 3000 грант беру туралы меморандумға қол қойды. Яғни, бір жыл әскерде қызмет өткергендер осы жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз түсе алады», – деп атап өтті Ахмедиев.

Сонымен қатар әскерде жақсы нәтиже көрсеткен жігіттер ЖОО есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болады.

Тағы бір жақсы жаңалық – жақында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредитке «демалыс беру» туралы келісімді жариялайды. Яғни, сарбаздардың кредиті мерзімді қызмет кезінде 13 айға тоқтатылады. 12 ай қызмет ету мерзімі + 1 ай жұмысқа орналасуға беріледі.

Бұдан бөлек, қорғаныс министрлігі әскерден кейін сарбаздарды жұмысқа орналастыру үшін кәсіпорындармен келісім жасауды жоспарлап отыр.

Әскери борышын өтеп келгендер бар ма?👨‍✈️