Тіл, Кубок, Көше. 21 маусымның топ жаңалықтары

Автор: редактор 21 июня, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Қазақ тілі моделін жасауға 3 млрд теңге бөлінбек.

Ғылым және жоғары білім министрлігі дербес тіл моделін әзірлеу бағытында қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі «Назарбаев Университеті» Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтын толыққанды зерттеу институтына трансформациялау жөніндегі тапсырма аясында келесіні хабарлайды. Министрлік жасанды интеллектіні дамытуға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы автономды ұйымдардың қатысуымен («Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ, «А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты», «Әл-Фараби атындағы Назарбаев Университеті» КеАҚ, «Институт Ақпараттық және есептеу технологиялары» ОМК ШЖҚ) консорциумдар базасында жүзеге асыруды көздеп отыр», — деп атап өтті министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Ведомство мәліметінше, биыл сәуірде Жоғары ғылыми-техникалық комиссияда бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландырылуы бойынша 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми-техникалық тапсырмаларына қатысты мәселелері қаралды.

Ана тіліміздің мәртебесін көтеру сіз бен біздің қолымызда!👍

2️⃣ Лионель Месси Америка кубогында рекорд орнатып, алғашқы турда Канададан басым түсті.

Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы Канаданы 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Кездесу барысында аргентиналық құрамадан Хулиан Альварес 49-минутта есеп ашса, Лаутаро Мартинес 88-минутта мергендік танытты.
Аталған ойында әлем футболының жұлдызы Лионель Месси нәтижелі пас шығарып берді. Ол аталған турнирде 35 ойын өткізіп, рекорд орнатты.

Сіз футбол тамашалап жүрсіз бе?😍

3️⃣ Алматыда Құрманғазы мен Достық көшелерінің қиылысы бір түнге жабылады.

Алматыда Құрманғазы мен Достық көшелерінің қиылысындағы құбыр ауыстырылады.

Осыған байланысты 21 маусым түнгі сағат 23:00-ден 22 маусым таңғы сағат 09:00-ге дейін Алматыдағы Медеу ауданында Құрманғазы мен Достық көшелерінің қиылысында автокөлік үшін қозғалыс жабылады. Аталған көшелерде екі бағытта да көлік қозғалысы шектеледі.
«Уақытша шектеулер аталған көше қиылысы бөлігінің астынан өтетін ұзындығы 305 метрлік құбырды жаңғырту үшін енгізіліп отыр. Бұл құбыр 5 көпқабатты тұрғын үйді және тағы басқа 4 нысанды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Жұмыс кезеңінде тұтынушылар ыстық сумен бұрынғысынша үздіксіз қамтамасыз етіледі», — деп хабарлады «Алматы жылу жүйесі» ЖШС.

Алматылықтарға құлаққағыс📍