Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ Елордада көпқабатты тұрғын үйлердің балконына 1000 мемлекеттік ту ілінді
Астанада көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттардың балкондарына «Менің елім – менің туым!» челлендж аясында 1000 мемлекеттік ту ілінді.
Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, Республика күнін мерекелеу қарсаңында елорда жастары «Менің елім – менің туым!» челленджін қолдады. Мереке қарсаңында жастар осындай ерекше акция ұйымдастырып, үйлердің балкондарына 1000-ға жуық ту ілінді.
Патриоттық акция жыл сайын өткізіледі. Бұл тек безендірілген үйлердің тұрғындарын ғана емес, сонымен қатар елорда көшелерінде жүрген жолаушыларды да ерекше әсерге бөлейді. Астаналықтар жылы қабыл алып, акцияға қосылды.
«Жұмысқа бара жатқанымда Республика даңғылындағы үйлер мемлекеттік тумен безендірілгенін көрдім. Жұмысқа бара жатқанда ешнәрсе ойламайсыз, ал мұндай жайт ерекше көңіл-күй сыйлайды. Меніңше, жұрттың ойын күнделікті күйбең тірліктен бөліп, бәріміз бір «үйде» өмір сүретінімізді еске салу пайдалы», — деп бөлісті Астана тұрғыны.
Айта кетейік, қаланың орталық көшелерінде (Тәуелсіздік, Б.Момышұлы, Қабанбай батыр, Тұран, Республика, Қошқарбаев даңғылдарында, Нәжімеденов, Сарайшық, Сығанақ, Достық және т.б. көшелер), жол бойында ҚР тулары желбіреп тұр.
Тамаша көрініс!😍 Республика күніне орай жастар ұйымдастырыпты👍
2️⃣ Грант алған мерзімді қызметтегі әскерилердің тізімі жарияланды
Қорғаныс министрлігі жоғары оқу орындарында тегін оқуға грант алған мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің тізімін жариялады.
Бір жарым мың орынға 2023 жылғы күзде әскерге шақырылған мерзімді қызметтің 17 927 сарбазы үміткер болды. Конкурсқа Қорғаныс министрлігінен 8 169, Ұлттық ұланнан 6 441, Төтенше жағдайлар министрлігінен 315, Шекара қызметінен 2 715, Мемлекеттік күзет қызметінен 287 сарбаз қатысты.
Күштік құрылымдар әскери бөлімдері сарбаздарының қызметтің барлық кезеңіндегі үлгерімі мен тәртібі бойынша нәтижелері енгізілген «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі іріктеудің ашықтығын қамтамасыз етті.
Білім беру жеңілдіктеріне ие болған әскери қызметшілердің толық тізімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
Құтты болсын!👏🏻
3️⃣ Қазан қаласында Абай ескерткіші ашылады
Қазандағы БРИКС саммиті аясында Назарбаев көшесінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткіші ашылады, деп хабарлайды «БИЗНЕС Online» порталы Татарстан мәдениет министрлігіне сілтеме жасап.
Портал ескерткіштің орнатылып қойғанын, бірақ әлі де полиэтиленмен қаптаулы тұрғанын жазды.
«Алдын ала мәлімет бойынша ашылу салтанаты 24 қазанда қазақстандық тараптың қатысуымен өтеді. Бюст саябақта 2018 жылы орнатылған Тайқаздың қола ескерткішінің жанында орналасқан», — делінген хабарламада.
Тайқаз Түркістандағы Ахмет Ясауи мешітінде тұрған қазанның дәл көшірмесі екені хабарланды.
Керемет!🔥