Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥
1️⃣ 180 мемлекеттің туын жатқа білетін 6 жасар бала министрмен кездесті.
Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.
Әлемнің 180 елінің мемлекеттік туын жатқа білетін Астана қаласындағы мектептердің бірінің оқушысы 6 жасар Ерген Дүйсенбек оқу-ағарту министрлігінде болып, министр Ғани Бейсембаевпен кездесті. Кездесуге Ерген өзінің тулар жинағын әкеліп, білімділігін көрсетті. Баланың арманы — өзі атаған мемлекеттерді аралау.
«Мен әлемнің барлық мемлекетінің туын білемін, бірақ соның ішіндегі ең әдемісі – біздің Туымыз. Мен есейгенде атақты адам болып, көк байрағымызды бүкіл әлемге танытып, көкке көтергім келеді», — деді 6 жасар Ерген Дүйсенбек.
Министр бірінші сынып оқушысына грамота мен естелік сыйлықтар табыс етіп, ата-анасына ақылды және тәрбиелі ұрпақ тәрбиелегені үшін алғыс айтты.
Оқу-ағарту министрі талантты азаматқа грамота мен естелік сыйлықтар табыс етті.😍👍
2️⃣ Енді қазақстандық оқушылар үшін соңғы қоңырау 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнінде соғылады.
Бұл туралы орта білім беру комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова хабарлады.
«Барлық қазақстандық мектептерде оқу жылының ұзақтығы 36 аптаны құрайды. Дәстүр бойынша оқу жылының бірінші күні – 1 қыркүйек, ал биылғы жылдан бастап 31 мамыр оқу жылының соңғы күні болады. 31 мамыр – оқу күні, бұл күні оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес сабақтармен қатар сабақтан тыс іс-шаралар өткізіледі», — деді Кәрімова.
1 маусым жазғы каникулдардың бірінші күні болып саналады.
«Сондай-ақ, Халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар мектептерде соңғы қоңырау өткізіледі», — деп атап өтті Кәрімова.
Бұл өзгеріске қалай қарайсың?😉
3️⃣ “Болашақ” бағдарламасына өзгерістер енгізіледі.
Оқу-ағарту министрлігі «Болашақ» халықаралық стипендиясының еңбекпен өтеу ережесіне өзгеріс енгізуді ұсынды. Бұйрықтың жобасы
«Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Құжатқа сәйкес, стипендияны еңбекпен өтеу міндетін тағы төрт себеппен кейінге шегеруге болады. Ереженің 28-2 тармағына 5,6,7 және 8 тармақшалар қосылып отыр. Жаңа редакцияда еңбекпен өтеу міндетін кейінге шегеру себептері былай жазылады:
1.еңбек қызметін жүзеге асыруға кедергі болған ауруды емдеу;
2.шетелде оқитын зайыбымен немесе жұбайымен ілесіп жүру;
3.мемлекеттік немесе әскери қызметші болып табылатын және шетелге уақытша жұмысқа немесе қызметтен өтуге жіберілген зайыбымен немесе жұбайымен ілесіп жүру;
4.жүктілік жағдайы, сондай-ақ үш жасқа дейін баланы (балаларды) тәрбиелеу;
5.іріктеу қағидаларының 8-тармағына сәйкес «Болашақ» бағдарламасы шеңберіндегі оқуды қоспағанда, докторантура бағдарламасы бойынша академиялық оқуды жалғастыру;
6.Стипендиат ағымдағы жылы шетелде академиялық оқуын аяқтаған кезде 12 айдан аспайтын еңбекпен өтеу бойынша міндеттемелерді орындауды кейінге қалдыруды ұсыну туралы стипендиаттың өтініш берген сәтінде рейтингтердің соңғы жарияланымдарына сәйкес әлемнің үздік ұйымдарының («Fortune Global 500», «Forbes Global 2000», «Forbes Top 100 Digital Companies»») әлемдік рейтингтеріне кіретін ұйымдарда өндірістік тағылымдамадан өту;
7.Қазақстан Республикасының шегінен тыс орналасқан 12 айдан аспайтын мерзімге Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық ұйымдарында;
8.алған мамандығы бойынша 12 айдан аспайтын мерзімге посдокторантурадан өту.
«Еңбекпен өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі қағидалардың осы тармағының 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда бір рет беріледі», — делінген бұйрықта.
Ал сен қандай өзгеріс енгізілгенін қалайсың?📌