Турист, Шекара, Жеке дерек. 27 қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 27 Қыркүйек, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Жеке деректері таралып кеткен қазақстандықтарға SMS-хабарлама жолданады.

Бұл туралы Sputnik Қазақстан
хабарлады.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, заң жобасы ақпаратты, оның ішінде дербес деректерді қорғаудың құқықтық базасын қалыптастыруға арналған жұмыстың жалғасы. Заң жобасы үш блоктан тұрады.

Бірінші блок жеке деректерді қорғаудың қосымша шараларына арналған.
«Заң жобасында дербес деректердің айналымы және сақталуы саласында мемлекеттік бақылау енгізіледі. Заң жобасының нормасы операторлармен профилактикалық жұмысты да жолға қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар заң жобасына сәйкес әрбір оператор реттеушіге дербес деректердің таралып кеткені туралы хабарлауға тиіс. Ақпараттың тарап кеткені анықталған сәттен бастап үш күн ішінде хабар берілуі керек», – деді Смышляева мәжілістің жалпы отырысында.
Жеке деректері таралып кеткен азаматтарға «электронды үкімет» порталы және 1414 арқылы хабар беріледі.

Заң жобасының екінші блогы «ақ хакерлер» институтын және бак-баунти платформасының қазақстандық аналогы жұмысын құқықтық реттеуге арналған. Депутаттың айтуынша, бұл шара ақпараттық жүйе зерттеушілерін ақпараттық жүйе қателіктері мен осалдықтарын анықтауға тартуға ықпал етеді.

Енді қауіпсіздік жағынан қорықпаса болады📌

2️⃣ Қазақстан-Қытай шекарасы 4 күнге жабылады.

«Қытай Халық Республикасындағы мереке күндеріне байланысты 2023 жылғы 29 қыркүйекте және 1-3 қазан аралығында қазақстан-қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пунктерінде тұлғалардың, көлік құралдары мен жүктерді өткізу жүзеге асырылмайды. Бірақ қазақстан-қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады» делінген хабарламада.

Комитет тасымалдаушыларға және шекарадан өтуге ниет білдірушілерге осы өзгерістерді ескере отырып, жол бағдарын алдын-ала жоспарлау керегін ескертеді.

Жақындарыңызға ескертіп қойыңыз!✔️

3️⃣ Туристерге қайтадан Үлкен Алматы көліне көлікпен баруға тыйым салынды.

Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметі мәлімдеді.

Міне осымен бір айдан аса уақыт бойы қазақстандықтар ҮАК-қа автокөлік жолы ашылғалы талқылаумен келеді. Көрнекі орынға көлікпен барамыз деп жұртшылық қуанған еді, алайда туристерден кейін қалатын қоқыстың көбеюін де жазғандар болды. Дау бітер емес, бұл мәселе БАҚ-та да сан-мәрте жазылды. Нәтижесінде көлге баратын жол жабылды. Ендігіде тек жаяу немесе велосипедпен баруға болады.

«Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тәртіп пен тазалықты сақтау мақсатымен Р-22 «Алматы-Космостанция» күре жолында (15-34 шақырымдары аралығы) көлік қозғалысына шектеу енгізілді», – делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.

Тек бірнеше көлікке бұл шектеу қолданылмайды. Қызметтік міндеттемелерді орындау үшін жүріп өтуге рұқсат етіледі (бекітілген тізімге сәйкес және тек қызметтік автокөлікпен):

🔹Ұлттық саябақ қызметі,
🔹шекара заставасы, 
🔹»Космостанция» ғылыми базасы,
🔹метеорологиялық және гидрологиялық қызметтер, 
🔹Алматы қаласының туризм басқармасы.

Бұл өзгеріске қалай қарайсыз?🤔