Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️
1️⃣ 1 қыркүйектен бастап студенттердің стипендиясы көбейеді.
Премьер-министр Олжас Бектенов 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап колледждер мен ЖОО студенттеріне арналған стипендияларды арттыруды көздейтін үкімет қаулысына қол қойды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, колледж студенттері үшін шәкіртақы 50%-ға артып, жұмысшы мамандықтары бойынша 43 574 теңгені, орта буын мамандары үшін 41 896 теңгені құрайтын болады.
Бакалавриат студенттерінің стипендиясы 20%-ға артып, 47 135 теңгеге дейін, ал педагогика және медицина бағыттарындағы білім алушылардың стипендиясы 75 600 теңгеге дейін ұлғаяды.
Интернатурада оқитындарға стипендия 85 376 теңге, ал резидентурада – 123 122 теңге көлемінде төленетін болады.
Магистранттар мен докторанттарға стипендия 15%-ға ұлғайтылады, оның мөлшері тиісінше 107 061 теңгені және 240 000 теңгені құрайды.
Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қыркүйекте шәкіртақы бакалавриат студенттеріне 20%-ға, магистранттар мен докторанттарға 15%-ға көбейетін болады.
Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап стипендияны көбейту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Соның нәтижесінде 2025 жылға қарай ЖОО мен колледж студенттерінің стипендиясы екі есеге, магистранттар мен докторанттар үшін 1,75 есеге өседі.
Бектенов үкімет қаулысына қол қойыпты📌
2️⃣ Қазақстандық оқушылар «Достастық балалары» Х халықаралық мәдени-білім беру форумына қатысып, елді таныстырды.
Бұл туралы форумның Телеграм-арнасы хабарлады.
«Бүгін форумда Қазақстан күні. Форумға қатысушылар актерлік шеберлік бойынша шеберлік сабақтарын, спорттық эстафета және поэзия кешін ұйымдастырды. Қазақстан делегациясы күнді көңілді өткізуге барын салып, форум қатысушылары басқа эстафета жарысынан бөлек, «арқан тартыс» атты қазақтың ұлттық ойынымен танысты», — деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы форум қонақтарын қазақтың ұлттық асханасымен таныстырып, бауырсақтан дәм татуға шақырды.
Бұдан бөлек, бата берудің мәні мен маңызы туралы айтып, форум сахнасында «Бір үйдің баласындай» және «Алға Қазақстан әндерін шырқап, көрермендерге «Айжан қыз» және «Құдаша» әндеріне би ұсынды.
«Достастық балалары» Х халықаралық мәдени-білім беру форумы 25 маусым мен 4 шілде аралығында Қырғызстанның Ыстықкөл жағасындағы Шолпан-Ата қаласында өтіп жатыр. Форумға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның мектеп оқушылары қатысып жатыр.
Тамаша! 👍🏻
3️⃣ Жеңіл атлетикадан Silk Road to Paris турнирінде Қазақстан қоржынына 4 медаль түсті.
Өзбекстан астнасы Ташкентте жеңіл атлетикадан Silk Road to Paris халықаралық турнирі аяқталды.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, аталған сында Қазақстан командасы төрт медаль еншіледі.
Атап айтар болса, 200 метрге жүгіруден Ольга Сафронова, биіктікке секіруден Елизавета Матвеева, 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Давид Ефремов чемпион болды.
Ал, 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Юлия Башманова қола медаль иеленді.
Құтты болсын! 👏🏻