Қуғын-сүргін, Футболшы, Қызылша. 27 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 27 Желтоқсан, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адам ақталды.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының соңғы отырысы өтті.

Басқосуда мемлекеттік комиссияның және оның аймақтық бөлімшелерінің жұмысы қорытындыланды.
Отырысқа қатысушылар мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес құрылған Комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Комиссия, ең алдымен, зерттеу-іздеу және жинақтау-талдау жұмыстарына баса мән берді.Оның қызметін үйлестіру үшін Жобалық кеңсе құрылып, құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.
Түрлі санаттағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын қамту үшін нақты тақырыптар бойынша бөлінген үш ғылыми топ жасақталды.

Әр өңірде аймақтық комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті.

Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарды.

Қазірдің өзінде 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды.

Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді.

Зерттеу нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін мемлекеттік комиссия материалдарының 72 томнан тұратын жинағы бір сериямен әзірленді.
Саяси қуғын-сүргінге қатысты зерттеу жұмысын Президент тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы ары қарай жалғастырады.
Арнаулы мемлекеттік архивтерден 2 жыл ішінде осы Орталыққа репрессия құрбандарына қатысты 688 мыңнан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілді.
Орталық ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін туралы құжаттарды цифрлы форматқа көшіріп, электронды қор қалыптастырады. Оның бәрі ғалымдарға, зерттеушілерге және қалың көпшілікке қолжетімді болады.
Отырыстың соңында мемлекеттік комиссия мүшелері, ғалымдар, зерттеушілер, сарапшылар Комиссия жұмысына және ғылыми-зерттеу қызметін жүргізуге мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетілгені үшін Президентке ризашылық білдірді.

2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды.📌

2️⃣ “Манчестер Сити” командасының шабуылшысы 2023 жылдың үздік футболшысы атанды.

Халықаралық футбол тарихы және статистикасы федерациясы 2023 жылдың үздік футболшысы атағына дауыс беру нәтижесін жариялады.

Бұл көрсеткіш бойынша Норвегия құрамасы мен “Манчестер Сити” командасының шабуылшысы Эрлинг Холанд 208 ұпаймен бірінші орынға жайғасып, үздік футболшы атанды.

Одан кейінгі орында Килиан Мбаппе (Франция, ПСЖ), Лионель Месси (Аргентина, «Интер Майами»), Родри (Испания, «Манчестер Сити»), Джуд Беллингем (Англия, «Реал Мадрид»), Кевин де Брюйне (Бельгия, «Манчестер Сити»), Гарри Кейн (Англия, «Бавария»), Бернардо Сильва (Португалия, «Манчестер Сити»), Винисиус Жуниор (Бразилия, «Реал Мадрид»), Лаутаро Мартинес (Аргентина, «Интер») келеді.
Аталмыш атақ 1988 жылдан бері тағайындап келеді.

Эрлинг Холандты марапатымен құттықтаймыз!👏🏻

3️⃣ Алматы облысында 60 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы вакцина алды.

Алматы облысында 60 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы егілді, оның алты мыңы 6 айдан 1 жасқа дейінгі балалар.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде қараша айынан бері қызылшаға қарсы жаппай иммундау жүріп жатыр. Жаппай иммундаумен 6 айдан 1 жасқа дейінгі балалар және 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар мен медицина қызметкерлері қамтылды.

“Алматы облысында 60 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы егілді, оның алты мыңы 6 айдан 1 жасқа дейінгі балалар”, – деп атап өтті департаменттен.

Алматы облысында зертханалық жолмен расталған 2 мың жағдай тіркелді. Қызылшамен ауырғандар Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле аудандарында тұрады. Оның басым бөлігі 5 жасқа дейінгі балалар арасында (71 пайыз) анықталды.

Ал сіз вакцина алдыңыз ба?🤔