Украина, Ауыл,Футбол. 5 қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 05 сентября, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ 21 жылда алғаш рет Месси мен Роналду “Алтын допқа” үміткерлер тізіміне енген жоқ

Месси бұл жүлдені сегіз рет иеленіп, рекорд орнатты. Ал Роналду бес рет жеңіп алған еді. Соңғы жүлдесін 2017 жылы еншіледі.
Ол өткен жылы Сауд Арабиясы Про-Лигасының “Аль-Наср” командасына ауысқаннан кейін аталмыш номинациядан қағылды. Бұл екі жұлдыздың да 2003 жылдан бері бірінші рет тізімнен шығып қалуы.

Сәрсенбіде жарияланған 30 адамның қысқа тізімі үлкен футбол жұлдыздарына толы.

Англия құрамасының мүшелері Деклан Райс, Букайо Сака, Гарри Кейн, Джуд Беллингем, Фил Фоден және Коул Палмер үміткер.

Бұл жүлдеге былтыр екінші орын иеленген Эрлинг Холланд та таласуда.

Бұл жолы футболдың жілігін шағып, майын ішкен футболшылар тізімнен төбе көрсетпеді. Есесіне, “Реалдың” жаңа жұлдызы Килиан Мбаппе ілігіпті🔥

2️⃣ Астана қаласында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында елордада 5 этноауыл ашылады

2024 жылдың 6-14 қыркүйек аралығында «Қазақ елі»» монументі, «Ататүрік» саябағы, «Бәйтерек» монументі және Орталық саябақ аумағында этноауыл жұмысын бастайды.

Этноауыл аумағында концерттік бағдарламалар және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Концерттік бағдарламада Мәдениет басқармасының ведомстволық бағынысты мекемелерінің шығармашылық ұжымдары мен солистері, сондай-ақ белгілі өнер қайраткерлері мен отандық эстрада жұлдыздары қатысады.

Концерттік бағдарлама этноауылдарда сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін ұйымдастырылады.
Есіл ауданының аумағында этноауыл «Бәйтерек» монументінің алаңында ұйымдастырылады.
Алматы ауданының аумағында этноауыл «Қазақ елі» монументінің жанында орналасқан.

Байқоңыр ауданының аумағында этноауыл «Ататүрік» саябағында ұйымдастырылады.
Нұра ауданының аумағында этноауыл Орталық саябақта орналасатын болады.
Ал 7 қыркүйек күні сағат 11:00-де «Қазанат» ипподромының жанында 10 гектар жерде басты «Көшпенділер Әлемі» этноауылы ашылады. Этноауыл бірнеше орынға бөлінеді: Орталық алаң, ұлттық ойындарға арналған балалар ойын алаңы, халық музыкасына арналған шатыр, ашық аспан астындағы көшпелі Өркениеттер мұражайы, спорттық іс-шаралар, ұлттық тағамдар, басты сахна, аймақтардың этно-қоныстары, қолөнершілер және шығыс базары бар арнайы қала. Сондай-ақ этноауыл аумағында көптеген кәдесыйлар табуға болатын шығыс базары ұйымдастырылады. Еліміздің екі жүзден астам қолөнершілері өз өнімдерін ұсынады.

Этноауылда туристер мен қонақтар дәстүрлі және ұлттық тағамдардан дәм тату үшін қазақ ұлттық тағамдарының мейрамханалары ұсынылады.

Балалар үшін «Балалар алаңы» ойын алаңы қарастырылған, онда олар көңілді және танымдық бағытта уақыт өткізе алады.
Айта кетері, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді, оған әлемнің 89 елінен 2500-ден астам қатысушы қатысады.
Елорда тұрғындары мен қонақтарын Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу орындарына қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында 15 қыркүйекті қоса алғанда №18, 37, 303, 323 маршруттардың қозғалыс сызбалары уақытша өзгертілді.

Елорда тұрғындары мен қонақтары қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап алғаны жөн.

Астана тұрғындары аталмыш көріністі міндетті түрде тамашалап қайтыңыздар😍

3️⃣ Қазақстан Елшілігі отандастарымызға Украинадан кетуді ұсынды

Қазақстанның Украинадағы Елшілігі сол елдегі қазақстандықтарға үндеу жасады. 

“Шиеленістің күшеюіне байланысты және қауіпсіздік мақсатында Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі Қазақстан азаматтарына Украина аумағынан кету мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Украинадан Қазақстанға бару үшін Қазақстан Республикасының азаматтары жерүсті бағыттарын пайдалана алады: Польша немесе Молдова арқылы, одан әрі — коммерциялық әуе қатынасымен. Польша арқылы кеткен жағдайда Қазақстан азаматтарында Шенген визасы болуы қажет. Молдоваға кіру үшін виза қажет емес”, — деп ескертеді ведомстводан. 

Сонымен бірге Елшілік барлық азаматтарды әуе шабуылы туралы ескертуге жіті құлақ асып, дереу паналауға, өздерінің қауіпсіздік шараларын сақтауға және ресми органдардың ұсыныстарын орындауға шақырады.

Абай болыңыздар📌