Универсиада, Теннисшілер, Жеке куәлік. 13 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 13 Қаңтар, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Қазақстан құрамасы АҚШ-та өтіп жатқан Универсиаданы жеңіспен бастады.

Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

АҚШ-қа жұмыс сапары аясында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ХХХІ Дүниежүзілік қысқы Универсиадасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Жарыс алдында министр жас спортшыларға сәттілік тіледі.

«Спорттағы сәттілік тек еңбекпен және күш-жігермен бірге келеді. Сондықтан сіздерге шыдамдылық, ішкі шабыт және жеңіске деген мызғымас сенімділік тілеймін. Біздің құрама еліміздің намысын лайықты түрде қорғай алатынына сенімдімін», – деді Нұрбек.

Қысқы Универсиададағы алғашқы ойынды Қазақстанның хоккейден ерлер құрамасы бастады. Оңтүстік Корея құрамасына қарсы бастапқы матчта отандастарымыз 5:1 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан құрамасының мүшелері: Алдияр Нұрлан, Максим Мусоров, Кирилл Полохов және Максим Мұхаметов қарсыластың қақпасына шайба салды.

Хоккей құрамасы Қазақ спорт және туризм академиясының студенттерінен құралған. Қазақстандықтар В тобында өнер көрсетеді, отандастарымыз Ұлыбритания, Мажарстан, Словакия және АҚШ командаларына қарсы ойнайды.

Еске салсақ, Универсиада АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатыр. Оған әлемнің 50 елінен студенттер қатысуда.

Қазақстанның намысын спорттың он түрінен 78 спортшы қорғайды. Студенттер биатлон, сноуборд, шаңғы, тау шаңғысы, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы қоссайысы, коньки, шаңғымен трамплиннен секіру және шайбалы хоккей секілді спорт түрлерінен бақ сынайды.

Жеңіс құтты болсын!😍🔥

2️⃣ Жеке куәлігін жиі жоғалтатын азаматтарға мемлекеттік баж мөлшері артады.

Мәжліс депутаттары Салық кодексіне осындай түзету енгізу туралы бастама жасап отыр.

Құжат мәтінінде жоғалған жеке куәлігін қалпына келтіру туралы өтінішті бір жылда үшінші рет беріп тұрған адам 1 АЕК (3 450 теңге) көлемінде мемлекеттік баж төлейтіні айтылған. Қазіргі қолдаынста Қазақстан Республикасының кез келген азаматыжеке куәлігін ресімдеу немесе ауыстырғаны үшін 0,2 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төлейді.

«Құжатты қайта ресімдеу кезінде мемлекеттік баждың ұлғаюы азаматтарды жеке басын куәландыратын құжаттарға ұқыпты қарауға ынталандырады», – делінген құжатпен қоса берілген негіздемеде.

Сондықтан абай болыңыздар!📌

3️⃣ Қазақстандық жас теннисшілер Айя Нұпбай мен Асылжан Арыстанбекова Делидегі жарыстың жеңімпазы атанды.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, А.Нұпбай мен А.Арыстанбекова 18 жасқа дейінгі арасында еліміздегі ең табысты жұп болып саналады.

Олар финалда таилық дуэтті 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Өткен жылы қазақстандық жұп ITF Juniors сериясында жеті турнирде үздік шыққан болатын. Барлығы олар осымен 10 титулға қол жеткізді.

«Жыл басында жеңіске жеткен маңызды. Қазіргі деңгейіме ризамын, бұдан кейін де бабымда боламын деп ойлаймын. Асылжанға рахмет, додада қиын матчтар болды. Біз содан сәтімен шыға білдік», деді А.Нұпбай.

«Бұл – Айя екеуміздің оныншы титулымыз. Жаңа маусым басындағы табыс тың жетістіктерге жетелейді, күш береді. Федерация мен Team Kazakhstan академиясының барлық бапкерлеріне алғыс айтамыз», деді А.Арыстанбекова.

Жарайсыңдар!👍👍👍