Вакцина, Оқу,Ереже. 17 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 17 Қаңтар, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстанда оқушы қыздарға папиллома вирусына қарсы вакцина егіледі.

Жаңа оқу жылынан бастап 11 жастағы қыздар адам папиллома вирусына қарсы тегін вакцина салдырта алады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.

Министрдің мәліметінше, вакцина жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында егіліп, ата-аналардың келісімімен ғана жүргізіледі. Сол себепті 11 жастағы қыздардың ата-аналарына өз балаларын қатерлі дерттен қорғау үшін екпе салдырту ұсынылады.

Оның айтуынша, республика бойынша 170 мың қыз вакцина алуға тиіс.

Вакциналау науқаны мектептер мен екпе егу кабинеттерінде жүргізіледі. Алайда министр балаларға қандай екпе егілетінін нақтылаған жоқ, айтуынша, вакцина әлі сатып алынбаған.

Денсаулық министрі нақты кімдерге егілетінін хабарлады.📌

2️⃣ Жаяу жүргіншілерге қатысты резонанс тудырған жаңа ереже күшін жойды.

ІІМ қоғамдық талқылау қорытындысы бойынша Жол жүрісі қағидаларында жаяу жүргіншілер туралы ұсынылған түзетуді алып тастады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бұқаралық ақпарат құралдарында бұрын «Ашық НҚА» порталында жарияланған Жол жүрісі қағидаларынің 16-тармағына енгізілген түзету жобасы халық пен сараптамалық қоғамдастық арасында кеңінен талқыланды.

«Ұсынылған түзетуге сәйкес, реттелетін қозғалыс орындарында бағдаршамның немесе реттеушінің рұқсат беру сигналы қосылған кезде жаяу жүргіншілерге жол қиылысы арқылы бұрын бастаған қозғалысты аяқтау үшін көлік құралдарына жол беру ұсынылды. Қазіргі уақытта қоғамдық пікірді және сараптамалық қоғамдастықтың пікірін ескере отырып, аталған түзету жобадан алынып тасталды», – делінген хабарламада.

Бұған дейін жол қозғалысы қағидалары, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерге өзгеріс енгізілетіні айтылған еді. Жаңа ережеге сәйкес, бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде жаяу жүргінші жол қиылысында қозғалысын бастап қойған жүргізушіге маневрін аяқтау үшін жол беруі керек болатын.

Ал сіз бұл шешімді қолдайсыз ба?🤔

3️⃣ Енді қазақстандықтар Қытай мен Мажарстанда тегін оқи алады.

Қазақстан, Мажарстан және Қытай Халық Республикасы арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер шеңберінде қазақстандықтар жетекші университеттерде жоғары білім ала алады.

“Мажарстан 2024-2025 оқу жылына арналған Stipendium Hungaricum бағдарламасы бойынша 250 грант ұсынады: бакалавриатқа — 110 орын, магистратураға — 90 орын, бакалавриат+магистратураға — 30 орын, докторантураға — 20 орын”, — деп жазды Ғылым және жоғары білім министрлігінен.

Қытай үкіметі бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша 155 оқу грантын ұсынады.

Толық ақпаратты және құжаттарды тапсыру жөніндегі нұсқаулықпен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ сайтынан танысуға болады.

Керемет мүмкіндік!🔥