Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ Қазақстанда вейпке толығымен тыйым салу ұсынылды.
Қазақстанда депутаттар жасөспірімдер арасында танымал вейптерге толығымен тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы КТК телеарнасы мәлімдеді.
Елдегі мектеп оқушылары қазір емін еркін арзан «электрон темекілерді» сатып алады. Белсенділер жасөспірімдерге вейп сатқандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынып отыр.
«Оның алдын алудың бірден-бір жолы полициямен бірге рейд жүргізу. Айыппұлды тек полицей салады. 21 жасқа толмаған балаға вейп сатылса, бұл айыппұл арқалуы тиіс. Тыйым салуға келгенде менің ойымша қылмыстық жауапкершілікті де енгізу керек. Өйткені сатушы адам заң бұзып, жас балаларды өте қауіпті өнімге тәуелді етіп, соңында екі жыл ішінде өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін», — деді «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының көшбасшысы Жәмила Садықова.
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау елде вейп сатуға толық тыйым салуды ұсынып отыр.
«Олар барлық сауда нүктелерінде, сондай-ақ әлеуметтік желілерде де төмен бағамен сатылып жатыр. Орташа бағасы — 2000 теңге. Қаржы министрлігінің мәліметінше, никотинді тұтынуға арналған электрон құрылғылар нарығы 2020 жылдан 2022 жылға дейін 300 есеге өсті. Бұл өнімнің әкелу заңдылығы да күмән тудырады», — деді депутат.
Жастарымыз қолдай ма екен?🤔
2️⃣ Илон Масктың компаниясы адам миына микрочип орнатуға рұқсат алды.
Илон Масктың ми-чип компаниясы АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасынан (FDA) адамдарға алғашқы сынақтарын өткізуге рұқсат алғанын айтты.
Миллиардердің Neuralink имплантат компаниясы миды компьютермен байланыстыру арқылы адамдардың көру қабілеті мен ұтқырлығын қалпына келтіруге көмектескісі келеді.
Neuralink өзінің микрочиптері сал және соқыр адамдарды емдеу үшін және кейбір мүгедектерге компьютерлер мен мобильді технологияларды пайдалануға көмектесу мақсатында қолданысқа енгізбек.
Қалай жүзеге асады екен?😮
3️⃣ Түркістан облысында тұрмыстық қалдықтарды азық-түлікке айырбастауға болады.
«Хабар 24» мәліметінше, өңірдің экобелсенділері осындай тың бастаманы қолға алды. Әзірше жоба Сайрам ауданында жұмыс істеп тұр.
Шыны, пластик, алюминий шөлмектер мен полиэтилен пакет, қағаз қаптамалар да жиналады. Есесіне салмағына қарай картоп, қарақұмық, құмшекер мен пияз сияқты әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерін алуға болады.
Қоғам белсенділері осы арқылы қоршаған ортаны таза ұстап, экологияға орасан зор пайда әкелуге болады деп есептейді.
Мұнда қайта өңдеуге жарамды қоқыстың кез келген түрі қабылданады.👍🔥