Вейп, Tiktok, Самокат. 30 тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 30 августа, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Жамбыл облысында заңсыз әкелінген 50 мыңға жуық вейп жойылды.

Қаржы мониторингінің мәліметі бойынша, ҚМА департаменті облыс бойынша сот үкімімен вейптің едәуір көлемін жойды. Құрылғының жалпы саны 49,5 мың дана, құны 171 миллион теңгеден асады.

«Қаржы мониторингі агенттігі Қазақстан Республикасының аумағына вейпті заңсыз әкелуге және айналымына қарсы күрес шеңберінде тиісті іс-шараларды тұрақты негізде жүргізеді, оның нәтижелері бойынша биыл тек Жамбыл облысында осындай үш факт анықталды. Тәркіленген вейптердің жалпы саны шамамен 175 мың дана болды, құны 350 миллион теңге», — делінген хабарламада.

2️⃣ Қырғызстанда TikTok желісін бұғаттау туралы шешім қабылданды.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, балалардың психикалық дамуы мен денсаулығына кері әсер ететін TikTok әлеуметтік желісінің зиянды әсері туралы бірқатар үкіметтік емес ұйымдар тарапынан алаңдаушылық білдіретін хабарламалар жиіледі.
Бұл әлеуметтік желі қолданушыны қысқа клиптердің виртуалды әлеміне жетелеп, оларды көрген жасөспірімдер кейбір видеоларды қайталауға тырысатыны, ал ондағы әрекеттердің кейбірі адам өміріне қауіп төндіретіні атап өтілген.

Сонымен қатар балалардың психикасы әлі де тұрақсыз, ол енді ғана қалыптасып жатқандықтан, мұндай контент тәуелділік тудырып, жас ұрпақтың эмоционалдық жағдайына кері әсер етеді.

Осыған байланысты мәдениет министрлігі контентке мониторинг жүргізіп, платформа балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратқа қол жеткізуді шектеу, сондай-ақ TikTok қосымшасындағы ақпаратқа қол жеткізу кезінде жас санатын бақылау функциясын жоқ екенін анықтады.
«Көптеген өтінішті ескере отырып және жүргізілген мониторинг негізінде мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі Қырғыз Республикасының аумағында TikTok сервисін тарату қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады», — деп жазылған хабарламада.

Шешім ел заңнамасы аясында одан әрі іске асыру үшін Цифрлық даму министрлігіне жолданды.

Қазақстанға да осындай заң керек деп ойлайсыз ба? TikTok-қа көзқарасыңыз қалай?🤔

3️⃣ Қазақстанда самокат айдайтындарға арналған жаңа ережелер енгізілді.

Қабылданған жаңа заңға сәйкес, электрлі самокат веложолда, веложолақтарда, 25 км/сағат жылдамдықпен жүріс бөлігінің оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақ бойымен бір қатарда қозғала алады. Ал тротуар мен жол жиегінде, жаяу жүргіншілер жолында 6 км/сағаттан аспайтын жылдамдықпен жүруі керек.

Сонымен қатар электрлі самокат көлікке арналған жолмен жүруге тек 18 жастан бастап рұқсат етіледі және жүргізуші куәлігінің кез келген санаты болуы керек.

Мопед, электрлі самокат және велосипед жүргізушілері жолда жүргенде ғана бекітілген шлемді киюі керек.

Кикшеринг компаниялары жаяу жүргіншілер мен саябақтардың белгілі бір жерлерінде электрлі самокат жылдамдығын шектейтін болады. Орнатылған GPS-сенсордың арқасында мұндай аймақтарға кіру кезінде жылдамдықты шектеу автоматты түрде қосылады.

Жаңа заңды сілтемеге өтіп, оқып шығыңыз📌