Велошеру, Димаш Құдайберген, Азаматтық.1-ші қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 01 октября, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ 2 қазанда Алматыда тұрақты дамуды ілгерілетуге арналған Orange BeNeLux Bicycle Tour қалалық велошеруі өтеді.

Оңтүстік астана әкімдігібаспасөз қызметінің хабарлауынша, велошеруге 16 жастан асқан мыңға жуық адам қатысады.
Жалпы қашықтығы – 15 шақырым. Велошеру сағат 9:00-де Розыбакиев көшесіндегі MEGA Center Alma-Ata сауда-ойын-сауық орталығы аумағында басталады. Одан әрі бағыт әл-Фараби даңғылының бойымен жалғасады.
Осыған байланысты Розыбакиев көшесі – Левитан көшесінен Малахов көшесіне дейін сағат 6.00-ден 10.00-ге дейін, әл-Фараби даңғылы (оңтүстік жағы) — Розыбакиев көшесінен Назарбаев даңғылына дейін шығыс бағытта сағат 9.00-ден 9.30-ға дейін (велошеру жүріп өткен сайын қозғалыс ашылып отырады), әл-Фараби даңғылы Назарбаев даңғылынан Розыбакиев көшесіне дейін батыс бағытта — 9.05-тен 10.00-ге дейін жабылады.

Велошерудңің бастамашысы – Қазақстандағы Нидерланды Корольдігінің Елшілігі. Велошерудің ұйымдастырушылары – Қазақстан велоспорт федерациясы мен Қазақстан триатлон федерациясы. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.

Orange BeNeLux Bicycle Tour мына идеяларды ұсынады:
* велосипедтерді көлік құралы ретінде пайдалану мен жол қауіпсіздігін жақсарту, сонымен қатар оларды тұрақты ұтқырлық пен көлік инфрақұрылымын жоспарлау мен жобалауға біріктіру;
* барлық адам үшін (ерлер мен әйелдер, ересектер мен кәмелетке толмағандар) дене тәрбиесін, салауатты өмір салтын, аурудың алдын-алуын, дене және психикалық денсаулық пен салауаттылықты нығайтуды насихаттау;
* толеранттылықты, өзара түсіністікті және әлеуметтік интеграцияны насихаттау.

Велршеруге қатысатындар бар ма?😍

2️⃣ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Димаш Құдайберген бірнеше күн бұрын Fashion factor сән байқауына қазылық ету үшін Дубайға ұшып кетті.

Димаш Instagram-дағы парақшасында сән байқауы өкілдері өзін қалай қарсы алғанын сипаттайтын видеоны жариялады. Онда әнші жанына сурет пен селфиге түсу үшін толассыз келіп түсіп жатқан жанкүйерлерді байқауға болады.

«Жақында Дубайда Fashion factor басталады», — деп жазды видео астына әнші.

Керемет!👍🔥

3️⃣ Есептік кезеңде Ресей Федерациясының 382 азаматы тұрақты тұру үшін және 64 азаматы ҚР азаматтығын алуға құжат тапсырған.

1 қазан күні, Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов көші-қонның өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 21-28 қыркүйек аралығында Ресей Федерациясынан ел аумағына келген мигранттар қатарының әдеттегіден 2-3 есеге көбейгенін айтты. Тек соңғы екі күнде бұл елден келушілер саны едәуір төмендей бастаған (29 қыркүйекте 22,5 мың адам келсе, 10,1 мың адам шығып кеткен; 30 қыркүйекте – 14,9 мың адам/11,6мың адам). Есептік кезеңде Ресей Федерациясының 382 азаматы тұрақты тұру үшін және 64 азаматы ҚР азаматтығын алуға құжат тапсырған.

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні еліміздегі криминогендік жағдай тұрақты. Мигранттар тарапынан Қазақстан азаматтарына қатысты жасалған қылмыстар тіркелмеген. Сонымен қатар ІІМ шетелдік азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігін және заңдылығын қамтамасыз етуді бақылауды күшейтті, атап айтқанда, адамдар көп шоғырланатын жерлерде полиция нарядтарының саны артты.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов тиісті инфрақұрылымы бар өткізу пункттерінде Қазақстан азаматтары, жүк көлігі және шетелдіктер үшін жеке жол жолақтары бөлінгенін хабарлады.