Виза, ҰБТ, «Яндекс.Такси».16 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 16 Мамыр, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Еңбек министрлігі «Яндекс.Такси» арқылы жұмыспен қамту жобасын іске асыруға кірісті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп интернет-платформаны пайдалана отырып қызмет көрсететін тұлғаларды салықтық әкімшілендірудің өзгеше тәртібін қолдану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруға кірісті. Бұл туралы министрлік баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жоба интернет-платформалар арқылы жұмыспен қамтылғандарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартуды көздейді. Осындай интернет-платформалардың бірі – «Яндекс.Таксимен» тиісті келісімге қол қойылған.

«Яндекс» интернет-платформасында тіркелген такси жүргізушілері пилоттық жобаға ерікті түрде қатыса алады. Ол үшін Азаматтарға «e-salyq Business»мобильді қосымшасын пайдаланып, арнайы салық режимін қолдана отырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет.

«Пилоттық жоба шеңберінде жеке табыс салығын, әлеуметтік аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын және такси жүргізушілерінің табысынан медициналық сақтандыру жарналарын төлеу жөніндегі міндеттемелер интернет-платформа операторына («Яндекс.Такси») жүктеледі», – делінген хабарламада.

Интернет-платформа операторынан алынатын орындаушылардың табыстары туралы мәліметтер негізінде салық пен әлеуметтік төлемдер сомаларын есептеуді мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асырады әрі операторға такси жүргізушілерінің табыстары бойынша есептелген салық және әлеуметтік төлемдер сомалары туралы мәліметтерді береді.

Интернет-платформа операторы салық пен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалуды және төлеуді кейіннен тиісті қорлар арасында бөлу әрі аудару үшін «Азаматтарға арналған үкімет»мемлекеттік корпорациясының банк шотына әрбір әлеуметтік төлемге жеке төлем тапсырмалары арқылы жүргізеді.

Жоғарыда аталған тетіктерді іске асыру мақсатында қазіргі уақытта «Яндекс.Такси» және Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін техникалық интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар Digital ID арқылы биометриялық сәйкестендіруден өту жолымен «Яндекс.Такси» мобильді қосымшасында тіркелу рәсімін жеңілдету жоспарлануда.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап пилоттық жоба толық іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Расымен, қазір де қаншама адам осы компания арқылы нәпақасын тауып жүр👍🔥

2️⃣ Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу басталды.

Жаңа ережелерге сәйкес, талапкерлер өз қалауы бойынша пәндер жиынтығын таңдай алады, бірақ өтініш бергеннен кейін олар оны өзгерте алмайды.

Биылғы талапкерлерде ҰБТ тапсыруға екі мүмкіндік бар. Ең жоғары нәтиже бойынша таңдаған ЖОО-ға грантқа түсуге үміткер болады. Бұл ретте ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырғаны туралы екі сертификат та жарамды бола береді.

Тестілеу форматы өзгеріссіз қалды: үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша барлығы 120 тест тапсырмасы бар.

Жас түлектерге сәттілік тілейміз!🤲🏻

3️⃣ Еуроодақ елдеріне баратын Қазақстан азаматтары үшін визалық режим жеңілдеуі мүмкін.

Бұл тураля ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапары аясында ішкі істер бойынша еуропалық комиссар Ильва Йоханссонмен кездесу өткізді. Келіссөздер нәтижесі бойынша тараптар ҚР азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету туралы ресми консультацияларды бастау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

Нұртілеу шетелдік тарапты Қазақстанның визалық саясаты, ҚР тарапынан ЕО үшін көші-қон тәуекелдерінің болмауы, Қазақстан үкіметі заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша қабылдап жатқан шаралар және осы бағыттағы жұмыстың басқа да маңызды аспектілері туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Өз кезегінде Йоханссон Еуроодақ Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін және тараптардың азаматтары арасындағы байланыстарды кеңейтуге ұмтылатынын мәлімдеді.

Еурокомиссардың пікірінше, Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі – тұрақты мәдени-гуманитарлық алмасуды қолдау.

Айта кетейік, 2017 жылдан бастап Қазақстан ЕО-ның барлық мемлекетінің азаматтары үшін іскерлік ынтымақтастықты, туризмді және адами байланыстарды дамыту үшін біржақты тәртіппен визасыз режим енгізді.

Керемет болар еді, иә?😍 Ал сен Еуропа қалаларында болдың ба?)