Winter Run 2023,Қара тізім, Уилл Кэткарт. 16 ақпанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 16 Ақпан, 2023


Кеш жарық, көзі қырақты қыздар мен жігіттер!

📌 Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз.

1️⃣ Алматыда оқушыларға тыйым салынған сайттардың «қара тізімі» жасалады.

Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде мектептердің бірінде оқушылар порнографиялық бейнероликтерді көрді деген видео тараған болатын.

«Биліктің қажетсіз сайттарды бұғаттау бойынша қабылдаған шараларына қарамастан, күн сайын жаңалары пайда болады», – деп түсіндірді ведомство.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша білім басқармасы бұйрық қабылдады. Оған сәйкес «Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы» осындай сайттардың «қара тізімін» қадағалап, қалыптастыруға міндеттелді.

Жоба авторлары бұл оқушылардың қажет емес сайттарды көруін барынша азайтатынына сенімді.

Керемет бастама! Ал сен қолдайсың ба?🤔

2️⃣ 19 ақпанда Алматыда Әл-Фараби даңғылы Winter Run 2023 үшін жабылады.

«Алматы марафонын» ұйымдастырушылар 19 ақпанда таңғы сағат 4-тен 12-ге дейін Winter Run 2023 бағыты бойынша көлік қозғалысы жартылай жабылатынын хабарлады.

Жүгіру «Нұрлы-Тау» бизнес орталығынан басталады. Қатысушылар Әл-Фараби даңғылы бойымен Гагарин даңғылына дейін жүгіріп, одан «Нұрлы-Тауға» кері қайтады.

Әл-Фараби даңғылы учаскелері әртүрлі уақытта жабылады:
* Назарбаев көшесінен Желтоқсан көшесіне дейін қозғалыстың солтүстік жағы – сағат 4-тен сағат 12-ге дейін;
* Желтоқсан көшесінен Esentai Mall-ға дейін – сағат 7:40-тан 11-ге дейін;
* Esentai Mall-дан Гагаринге дейін – сағат 8:30-дан 10:40-қа дейін.
Әл-Фараби даңғылы бойындағы Меңдіқұлов тұсынан өтетін туннельге кіру 4:00-ден 12:00-ге дейін жабылады.
Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағы ашық әрі көлік қозғалысы еркін болады.

Марафонға қатысатындар бар ма?)

3️⃣ WhatsApp мессенджерінің басшысы Уилл Кэткарт әлеуметтік желі қолданушыларын Telegram платформасынан бас тартуға шақырды.

Бұл туралы Уилл Кэткарт өзінің Twitter парақшасында жазды.

WhatsApp басшысының пікірінше, Telegram деректердің қауіпсіздігін толық қамтамасыз етпейді.
«Олардың е2ee (end-to-end encryption) хаттамаларында ақпаратты өзге қолданушылардан қорғайтын, шифрлайтын тәуелсіз тексеру жоқ. Telegram-да көптеген технологиялық компаниялар қабылдаған нақты ашықтық қағидаты да жоқ. Платформадағы өрескел қателіктер адамдарға қауіп төндіреді», – деп жазды Уилл Кэткарт өзінің Twitter парақшасында.

Сонымен қатар, ол аталған мессенджер құпия чаттардағы мәліметтерді өзге адамдардың оқуына мүмкіндік беретінін мәлім етті. Бұған қоса, Уилл Кэткарт Telegram әкімшілігі үкімет сұратуы бойынша кез келген құпия ақпаратты ұсынатынын жазған.

Ал сен Telegram-ды жиі қолданасың ба?😯