Қытай, Бот, Білім. 10 қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 10 ноября, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енді.

“2023 жылғы 10 қарашада Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді”,- делінген хабарламада.

Келісімнің 1-ші бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады.

Сондай-ақ азаматтар екі мемлекет аумағында күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге келе алады. Ал күнтізбелік 180 күн ішінде жиындығы күнтізбелік 90 күннен аспауы қажет.

Екі елдің бірінде 30 күннен артық болу қажеттігі туындаса, азаматтар тиісті санаттағы кіру визасын рәсімдеуі қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді.

Министрлік ҚХР Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағына визасыз кіру келісімі қолданылмайтынын ескертеді. Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 күннен аспайтын мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеуі қажет.

Аспан асты еліне 30 күнге дейін саяхаттап баруға болады.😍

2️⃣ Қазақстанда құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға арналған Telegram бот іске қосылды.

Қаржылық мониторинг агенттігі Telegram мессенджерінде «Афм Insider» ботын іске қосты.

Осы құрал арқылы қазақстандықтар экономикалық құқық бұзушылықтар туралы бір батырманы басу арқылы хабарлай алады. Ресми «Афм Insider» ботында бірнеше бөлімдер бойынша хабарлама қалдыруға болады.
Хабарлама қысқа мерзімде қаралады. Анонимділікке кепілдік беріледі.

«Ботқа жіберілген ақпарат хабарлама сипатында болады және қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға негіз болмайды», — деп нақтылады ведомстводан.

Бұған дейін қазақстандықтарға Telegram мессенджерінде азаматтарды қаржы пирамидаларына тартатын алаяқтардың әрекеттерінен қорғауға көмектесетін бот таныстырылды. Биыл жыл басынан бері 6 мыңға жуық хабарлама келіп түскен, оның тек 1 175-і тамыз айында түскен.

Енді қауіпсіздігіңізді қорғай аласыз!✊🏻

3️⃣ “Халық” қорының қолдауымен ауылдағы 100 жаттықтырушы УЕФА-ның “D” санатында білім алады.

“Халық” Қайырымдылық жеке қоры мен “Арман Ауыл” жеке қоры өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ынтымақтастық аясында “Халық” қайырымдылық қоры жеке қоры «АуылФутбол» ауыл балалары футболын дамыту жобасының бас демеушісі болып белгіленді.

#Ауылфутбол жобасының негізін қалаушы Серік Мәмбетовтің хабарлауынша “Халық” қайырымдылық қорының бас демеушілігімен:

— 100 ауылдық жаттықтырушыны — УЕФА-ның “D” санаты біліктілігіне оқытуға қаржы бөлінеді;

—  100 ауыл балалар футбол командалары жаттығу жабдықтарымен қамтамасыз етіледі;

— ауылдық командалар арасында 17 облыстық турнир және республикалық деңгейде финалдық турнирді өткізуге  қаржылай қолдау жасалады;

— Алматы облысының құрама командаларының оқу-жаттығу кезеңдерін және олардың беделді жарыстарға қатысу шығындарын қаржылай қолдауды қамтамасыз етеді.

““Халық” қорының бас демеушілігі  —  #Ауылфутбол жобасының ауқымын республика бойынша кеңейтіп, ауыл балаларын спортқа баулу, футболды дамыту және әрбір турнирде спорт мерекесі атмосферасын құруға үлкен серпін береді. Жоба 3 000-нан астам ауыл балаларын қамтиды деп күтілуде. Жұмыс ауқымы 12 айға жоспарланған. Әрқашан осындай игі істің басынан табылатын  “Халық” қайырымдылық қорының үлкен алғысымды білдіремін” — деді, Серік Мәмбетов.

Тамаша!👍🔥