Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ Ұлттық университеттерде қытай тілін оқытатын кафедралар құрылады.
Қазақстан мен Қытай ғылым және білім саласында бірқатар келісімге келді. Толығырақ Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтып берді.
“Бүгін әлемнің назары Астанада деп айтуға болады. ШЫҰ-ға мүше елдердің басшылары елордада жиналып отыр, құрметті қонақтардың қатарында БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш мырза да бар. Кеше Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге ресми сапары аясында көптеген келісімшартқа қол қойылды. Оның ішінде екі елдің министрлігі білім және ғылым саласы бойынша да келісімге келді. Оған сәйкес біздің жетекші, ұлттық және мемлекеттік университеттерде қытай тілін оқыту үшін арнайы кафедралар құрылады. Бакалавр, магистратура мен докторантурада оқып жатқандарға қытай тілін екінші тіл ретінде ұсынатын боламыз”, — деді Саясат Нұрбек елордада өтіп жатқан “Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық” атты халықаралық симпозиумда.
Бұған не дейсіз?🤔
2️⃣ Алматыда 7 шілде күні сағат 20:00-де Абай алаңында «Аңыз Домбыра» концерті өтеді.
Қазақстанда шілденің бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні тойланады. Осыған орай Алматыда 7 шілде күні сағат 20:00-де Республика Сарайының алдындағы Абай алаңында «Аңыз Домбыра» концерті өтеді.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, сахнада Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Секен Тұрысбек, Айгүл Қосанова, Асылбек Еңсепов, Шолпан Даржанова, Әбділхамит Райымбергенов, Нұркен Әшіров, Ардақ Балажанова, Нұржан Жанпейісов, «Қоңыр» тобы, «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Салтанат» би ансамблі және т.б. өнер көрсетеді.
Танымал күйшілер Кенен Әзірбаев, Төлеген Момбеков, Әсет Бейсеуов, Мейрамбек Жанболатов және т.б. халық әндері мен шығармаларын орындайды.
Бұған қоса, шаһар тұрғындары мен қонақтары мерекеге орай ұйымдастырылған мәдени іс-шараларды тамашалай алады
Сондай-ақ, қаланың барлық ауданында Ұлттық домбыра күніне арналған бірқатар мәдени іс-шара өтеді:
«Алатау ауданында 4 шілде күні сағат 15:00-де Alatau Creative Hub – Алматы кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлескен іс-шара өтеді. Мерекелік бағдарламада шығармашылық ұжымдар сөз сөйлейді. Іс-шараның басты мақсаты-этносаралық қатынастарды нығайту және қазақ мәдениетін насихаттау. Сонымен қатар, 5 шілдеде сағат 11:00-де Мультимедиялық дәстүрлі музыканың орталығында «Қазағымның жүрегінен жаралған, Бабамыздың үнісің сен – домбыра!» концерттік бағдарламасы ұйымдастырылады.
Алматыдан болсаңыз, міндетті түрде барып қайтыңыз!😍
3️⃣ Қандастарды қабылдау квотасы 600 адамға ұлғаяды.
Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы 600 адамға ұлғаяды.
Министрлік қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын қайта бөлу үшін бұйрыққа өзгерістер енгізді.
«Министрлік «Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасын белгілеу туралы» ведомство басшысының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №530 бұйрығына өзгерістер енгізеді. Бұйрықтың жобасы осы жылдың 16 шілдесіне дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған», — деп жазды ведомство.
Құжат бойынша жалпыға бірдей белгіленген квота шеңберінде қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы алты жүзге дейін төмендетіліп, соның есебінен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы 600 адамға ұлғайтылады.
Өңірлік квоталарды өзгерту еңбек күші тапшы солтүстік өңірлерге қоныс аударған қандастар санының артуына байланысты қажет болған.
Тамаша!👍