Қызметші, Статистика, Көлік. 27 қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 27 Қараша, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қазақстанда әйелдер мен ерлер санына байланысты нақты статистика белгілі болды.

«Халықтың деректер базасының көрсеткіштері бойынша 2023 жылдың 14 қарашасында таңғы сағат 08.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы халқын құрады», – деп нақтылады ведомстводағылар.

Бұл бес нәресте Атырау, Ақмола, Жетісу, Түркістан, Ұлытау облыстарында дүниеге келді. Олар – 3 ұл және 2 қыз.

Статистика мамандары тамыз айында Қазақстан халқының 51,2%-ын әйелдер құрағанын мәлімдеді – олардың нақты саны 10 183 785 болған. Қалған 48,8% немесе 9 715 592 азамат – ер адамдар.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда бизнестегі әйелдер шағын және орта бизнес секторындағы жұмыс орындарының 31%-ын және Қазақстанның ЖІӨ-нің 14,6%-ын қамтамасыз етеді.

«Азия даму банкінің елдерді бағалауы бойынша Қазақстан гендер және даму саласындағы негізгі көрсеткіштер бойынша жоғары орында және ерлер мен әйелдер арасындағы теңдік деңгейі жоғары 1-ші топқа кіреді», – дейді ведомстводағылар.

Бұл ретте банк Қазақстанда әйелдердің еңбек нарығындағы белсенділігінің тұрақты деңгейін сақтап отырғанын мәлімдеді.

«2022 жылы «Гендерлік айырмашылық рейтингі» бойынша Қазақстан гендерлік даму саласындағы сәтті реформалардың арқасында 15 орынға жоғары көтеріліп, 146 елдің ішінде 65 орынға ие болды», – деді өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Динара Щеглова.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республикада 4,3 миллион әйел жұмыспен қамтылғанын, бұл жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 48%-ын құрайтынын анықтады. Әйелдердің 35%-ы сауда және қызмет көрсету салаларында, 32%-ы білім, денсаулық сақтау және ғылым салаларында, 14%-ы өнеркәсіп, құрылыс және көлік салаларында, 9%-дан астамы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді.

Сіздің ойыңызша елімізде кімдердің саны басым?🤔

2️⃣ Қазақстандық әскери қызметші джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды.

Абай гарнизоны 28738 әскери бөлімінің әскери қызметшісі кіші сержант Мерхат Тұяқов Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде өткен джиу-джитсудан халықаралық турнирде әлем чемпионы атанды. Чемпионатқа Ресей, Бразилия, Уругвай, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран және Оңтүстік Корея спортшылары қатысты.

«85 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан қазақстандық спортшы жеті белдесу өткізіп, оның барлығында айқын басымдықпен жеңіске жетті. Татамиде ол Ресей, Бразилия, Уругвай, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран және Оңтүстік Корея спортшыларымен кездесіп, бәрін тізе бүктірді», – деп жазды ведомство.

Төрт қарсыласын мерзімінен бұрын жеңсе, қалған үш спортшыны ұпай санымен ұтқан жерлесіміз алтын жүлде үшін ресейлік спортшымен белдескен. Оны да шаң қақтырған.
Мерхат Тұяқов джиу-джитсу күресімен бес жылдан бері айналысады. Алайда осындай әлемдік додадаға алғаш рет қатысқан. Бұған дейін ол еркін күрес, қоян-қолтық ұрыс сынды спорт түрлерімен айналысқан.

Құтты болсын!👏🏻👍

3️⃣ Елімізде 1 қаңтардан бастап бірқатар көлікке жаңа белгі қою талап етіледі.

Қазақстанда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стандарттарды жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатыр.

«Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының бұйрығы бойынша, КазСтандарт әзірлеген, «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану ережелері» СТ 1412-2017 ұлттық стандартына толықтырулар енгізілді. Өзгерістер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Бұл стандарт міндетті болып табылады, өйткені ол Ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген Жол қозғалысы ережелерінде сілтеме ретінде көрсетілген», – деп хабарлады ҚазСтандарт баспасөз қызметі.

Өзгеріс леп белгісі және «GAS» деген жазуы бар қара жиекті сары түсті газ баллон жабдығы бар автомобильдерге арналған белгіні міндетті түрде орналастыруды енгізеді.

Бұл белгі жабық тұрақтарға кірген кезде көлік оңай танылатындай етіп орнатылуы керек, деп түсіндірді ҚазСтандарт.

Сонымен қатар, жаңа ережелер газбен жүретін көліктердің жабық тұрақтарда тұруын тиімді бақылауға және тыйым салуға мүмкіндік береді, бұл сайып келгенде, азаматтардың жалпы қауіпсіздігіне ықпал етеді.

Енді газ баллон жабдығы бар көлік иелері арнайы белгі орнатуы қажет.☝🏻