Қызылша, Елена Рыбакина, Мамандық. 24 қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 24 Қазан, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қазақстанның жоғары оқу орындарында «Су дипломатиясы» мамандығы пайда болады.

Министрлік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының қолданыстағы жіктеуішіне түзетулер енгізіп, бірқатар мамандықты қосуды ұсынды.

Олар:

«Гидротехникалық құрылыс және нысандар»,

«Мелиорация және суармалы егіншілік»,

«Елдімекендерді сумен жабдықтау және су бұру»,

«Су ресурстарын басқару»,

«Гидротехникалық мелиорация»,

«Су шаруашылығындағы технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару»,

«Инновациялық технологиялар және оларды су шаруашылығында пайдалану»,

«Ирригациялық жүйелердегі гидроэнергетикалық нысандар»,

«Гидромелиорациялық жұмыстарды механикаландыру»,

«Су шаруашылығы экономикасы».
Ведомство ақпаратынша, дәл осы мамандықтарды магистратура және докторантура бағдарламаларына да қосу ұсынылады. Ал бейінді жоғары оқу орындарының студенттері гидротехникалық құрылыстардың барлық түрі бар министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарында өндірістік практикадан өтеді деп жоспарлануда.

«Сондай-ақ, министрлік қазақстандық студенттерді су саласы мамандықтары бойынша жақын және алыс шет елдердің жоғары оқу орындарында оқыту үшін грант бөлу мәселесін де қарауға ниетті. Бұдан бөлек, су шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталықтары ұйымдастырылады. Ал халықаралық серіктестермен бірлесіп жоғары оқу орындарында жаңадан «Су дипломатиясы» мамандығын енгізу жоспарлануда», – деп хабарлады су ресурстары министрлігі.

Сондай-ақ су шаруашылығы мамандарының жалақысын көтеру мәселесі де назардан тыс қалмайды, деп атап өтті ведомстводағылар.

Енді еліміздің су жүйесіне үлес қосқысы келетін жастар, осы мамандыққа түсе алады.😍

2️⃣ Елена Рыбакина WTA рейтингінде төртінші орынға көтерілді.

Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) әлемдік рейтингті жаңартты, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина өз позициясын жақсартты. Ол бесінші орыннан төртінші орынға көтерілді.

Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.
Ал Юлия Путинцева төрт орын төмен сырғып, 70-ші орынға жайғасты.
Үздіктер тізімін Арина Соболенко (Беларусь) бастады. Екінші орынды Ига Швентек (Польша)иеленді. Үшінші орында Кори Гауфф (АҚШ) тұр.

Құтты болсын!👏🏻

3️⃣ Елімізде қызылша ауруын жұқтырған балалар саны өсті.

Қазақстанда дәрігерлер қызылша ауруын жұқтырудың 10 мың жағдайын тіркеді, оның 80%-дан астамы 14 жасқа дейінгі балаларда анықталды. Бұл туралы 24.kz телеарнасы мәлімдеді.

Өткен аптада өсім шамамен 30%-ды құрады. Науқастардың басым бөлігі Алматы мен Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкентте тіркелген.

Сарапшылар науқастардың үштен екісі екпе алмаған балалар екенін хабарлады.

«Аурудың көбеюін біз балалардың жоспарлы екпеден қалып қоюымен, сонымен қатар оқу жылының басталып, адамдардың шоғырлану орындары қалыптасуымен байланыстырамыз», – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Төтенше жағдайлар бойынша жедел орталығының директоры Жәнібек Ербаев.
Қызылша өте жұқпалы ауру болғандықтан, ауру жұқтыру көрсеткіші артып жатыр.

Дәрігерлер асқынуларға соқырлық, энцефалит, ауыр диарея, соған байланысты ағзаның сусыздануы, құлақ инфекциялары және тыныс алудың ауыр проблемалары, соның ішінде пневмония болуы мүмкін деп ескертеді.

Балаларыңызға абай болыңыздар!🙌🏻