Қызылша, Метро,Бокс.4 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 04 декабря, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Енді Алматы метросындағы пойыздар әр 5 минут сайын жүреді.

Мегаполис әкімдігі Алматы метросында пойыздардың саны артқанын мәлімдеді.

«Енді қарбалас уақытта желіде 11 құрам 5 минут 38 секунд жиілікпен қызмет көрсететін болады», — делінген әкімдік хабарламасында.

Метрополитен әкімшілігі жолаушылар ағынына талдау жасады. Оқу жылы басталысымен жолаушылар ағыны 70 мыңнан 90 мыңға дейін артқан.

«Талдау нәтижесінде жолаушылар саны күніне 100 мыңға дейін көбейгендігі ескеріліп, желіге қосымша құрам шығару туралы шешім қабылданды. Әр құрам жалпы сыйымдылығы 900 адамнан асатын 4 вагоннан тұрады», — деп хабарлады әкімдік.

Еске сала кетейік, Алматы метрополитені 2011 жылғы 1 желтоқсанда іске қосылды, қазіргі кезде 11 станция бар. Әрі қарай 4 станцияның құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Метромен тұрақты түрде қатынайтындар үшін жақсы жаңалық екен!👍

2️⃣ Елімізде 19 мыңнан астам адам қызылшамен ауырып жатыр.

Қазақстанда 4 желтоқсанында қызылшаның 19 471 жағдайы тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оның 81%-тен астамы, яғни 15 807-сі 14 жасқа дейінгі балалар.

«Қызылша еліміздің барлық аймағында тіркеліп жатыр. Әсіресе 4 өңірде сырқаттанушылық жоғары деңгейде, олар Шымкент – 3021 жағдай. Алматы қаласында – 2960, Жамбыл облысы — 2642 жағдай және Алматы облысы – 1687 жағдай», — дейді ведомстводағылар.

Республика бойынша сырқаттанғандардың 83% вакцина алмаған балалар. Министрлік мәліметінше, ауырған 15807 баланың 13 180 екпе алмаған.

«Биыл 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы 6-10 айлық балаларға, 2 жастан 4 жасқа дейінгі балаларға және вакцинацияланбаған медицина қызметкерлеріне қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. Бүгінгі күні 179 680 адам вакцина алды, яғни қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцина алғандар саны 12%-ке жетті», — деді министрліктің баспасөз қызметі.

Сақтанып жүріңіздер!🙌🏻

3️⃣ Қазақстандық үш спортшы ару бокстан әлем чемпионы атанды.

Армения астанасы Ереванда жастар мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстандық жасөспірім боксшы қыздар жеңіске жетті.

«54 келі салмақта жерлесіміз Аяжан Сыдық үнділік Амиш Керкеттаны 5:0 есебімен жеңді. 60 кг салмақта Толғанай Қасымхан ресейлік қарсыласы Кира Леонованы 3:2 есебімен жеңсе, 66 кг салмақта Айсұлу Мұхит румянилық Амалиа Тугуйды 3:2 есебімен жеңіп кетті», — деп хабарлайды спортты дамыту дирекциясы.

Ал қалған жарысқа шыққан жасөспірім спортшы қыздар қола медальды иеленген. Бүгін ұлдар арасындағы жарыс басталады.

Әлем чемпионатына барлығы 58 елден 448 боксшы қатысып жатыр. Қазақстан барлық салмақта спортшылар апарған.

Құтты болсын!😍👏🏻