Кеш жарық, қыздар мен жігіттер! Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Астанада Амстердам алаңы ашылды.
Нидерланд Премьер-Министрі Марк Рюттенің Қазақстанға жұмыс сапары аясында Астанада Амстердам алаңының ашылу салтанаты өтті.
Бұл – Марк Рюттенің Қазақстанға жасаған үшінші жұмыс сапары. Оның Астанаға алғашқы сапары сонау 2010 болған. Одан кейін Қазақстанға 2015 жылы келген.
2015 жылдың күзінде Нидерландтың ең ірі қалаларының бірі Роттердамда Астана алаңы ашылған болатын. Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев атап өткендей, бүгінгі іс-шара елдер арасындағы достық қарым-қатынастың тағы бір дәлелі.
Құтты болсын!🔥
2️⃣ Үкіметте заңдарды мемлекеттік тілде әзірлеу мәселесі қаралды.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Комиссия отырысында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі даму мәселелері, тіл мәдениетін арттыру және тілдік капиталды нығайтуға бағытталған үйлесімді әрі теңгерімді тіл саясатын жүргізу мәселелері қарастырылды.
Отырыс барысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының іске асырылу барысы және мемлекет басшысының тапсырмасына орай мемлекеттік тілде жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу, қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, тілге қатысты заманауи IT-жобаларды әзірлеу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Сондай-ақ әділет министрі Азамат Есқараевтың мемлекеттік тілде заң әзірлеу мәселесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қызметі туралы қоғамдық бірлестіктің президенті Рауан Кенжеханұлының баяндамалары тыңдалды.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссияның 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Керемет! 👍
3️⃣ Түркістанда қолөнершілер қалашығы салынып жатыр.
Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы салынып жатыр.
Негізгі мақсат – туристерді тарту және өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту.
Биыл Түркістан түркі мемлекеттерінің туризм астанасы мәртебесін иеленді. Жыл ішінде облыс орталығында түркі мемлекеттерінің қатысуымен өтетін ауқымды жобалар жоспарланып, жүзеге асуда.
«Теңдессіз туристік кешеннің жалпы алаңы – 2,56 га. Қолөнершілер қалашығы 25 архитектуралық нысаннан тұрады. Іргетастарды нығайту және бетондау жұмыстары, сондай-ақ монолитті жұмыстар жүргізілуде», — делінген хабарламада.
Құрылыстың 1 және 2 кезектері үшін ішкі әрлеу жұмыстарына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс аумағында 50 жұмысшы, 5 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
Мәдени бағыт қарқын алуда😍