Өзбекстандағы университет, Жаңа мектеп, Мұғалімдер. 2-ші қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 02 Қыркүйек, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Өзбекстандағы «Жібек жолы» халықаралық туризм және мәдени мұра университеті қазақстандықтарға грант бөлді.

Өзбекстандағы «Жібек жолы» халықаралық туризм және мәдени мұра университеті қазақстандықтарға гранттар бөлді.
«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының дерегіне сәйкес, магистратура бағдарламасы төрт білім беру гранты бөлінді. Мына мамандықтар бойынша беріліп отыр:

🔹туризмдегі логистика;

🔹туризм (қызмет салалары бойынша);

🔹музейтану;

🔹мәдени мұраны басқару;

🔹шығармашылық индустрия;

🔹археология.

Грант келесі шығындарды қамтиды: тегін оқу; 500 доллар көлеміндегі ай сайынғы стипендия ; жатақхананың ай сайынғы төлеміне 100 доллар; Өзбекстанға келу үшін жыл сайынғы эконом-класс авиабилеттері; Өзбекстанның ежелгі тарихи қалаларына сапарлар (жылына 100 доллар/ 2 сапарға тең сома).
Студенттер ағылшын тілінде білім алады.

Арамызда Өзбекстанда оқып жатқан студенттер бар ма?

2️⃣ Жаңа мектептер жемқорлардың заңсыз тапқан ақшасына салынады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Президент мектеп салу үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек екенін атап өтті.

«Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», – деді Тоқаев халыққа Жолдауында.

Ол әрбір оқушының білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын еске салды.
«Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», – деп жалғастырды мемлекет басшысы.

Сондай-ақ президент мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды екенін айтты.

Жақсы бастама!👏🏻👏🏻👏🏻

3️⃣ Отыз жыл еңбек өтілі бар мұғалімдер аттестациядан босатылады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.

Оның айтуынша, жыл басында мұғалімдердің, ауыл директорлары мен директор орынбасарларының, қала мектептерінің, білім бөлімдері мен білім басқармалары өкілдерінің қатысуымен педагогтердің аттестациядан өту жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс тобы құрылған.
Жұмыс тобы өз ұсыныстарын әзірлеген. Негізінен олар әдістемеге, әрбір біліктілік санатына қойылатын талаптарға, күтілетін нәтижелерге, кәсіби стандарттың өзара байланысына қатысты.
Қазіргі уақытта барлық педагог аттестацияның екі кезеңінен өтеді: бірінші кезең – барлық мұғалімнің пән мен оқыту әдістемесін білуге арналған тестілеуден міндетті түрде өтуі, ал екінші кезең – педагог портфолиосын, жетістіктерін бағалау.
Енді жұмыс тобы бірінші кезең – яғни Ұлттық біліктілік тестіне қатысты мынадай өзгерістер ұсынып отыр.

Әдістеме бойынша тестілеу сұрақтарын қамтитын толық тақырыптар мен әдебиеттер барлығына қолжетімді болады.

Педагогикалық өтілі 30 жыл және жаңа аттестация жүйесі бойынша санаты бар педагогтерді біліктілік тестілеуден босату ұсынылады. Олар аттестацияның екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Бұл ретте егер олар біліктілік санатын көтергісі келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді. Мысалы, 30 жылдық еңбек өтілі бар педагог-сарапшы өз санатын растаса, аттестациядан тек екінші кезеңнен ҰБТ-сыз өтеді, ал арттырғысы келсе қосымша ҰБТ тапсырады.

Сондай-ақ педагогикалық өтілі 30 жыл, бірақ ескі аттестаттау жүйесі бойынша жоғары, бірінші санатты педагогтер, «педагог-модератор» санатына ауысатын болса, онда олар біліктілік тестілеуден босатылады. Бұл жағдайда олар аттестацияның екінші кезеңінен өтеді, яғни портфолио тапсырады. Ал егер бұл мұғалімдер аттестацияның жаңа жүйесі бойынша басқа санаттарды алғысы келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді.

Зейнетке шығуына 4 жыл қалған мұғалімдер де жаңа жүйе бойынша бар санатын растаған жағдайда оларды аттестациядан босату ұсынылады. Ал егер олар қолданыстағы біліктілік санатын, тиісінше алатын үстемақысын арттырғысы келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді.

Министрдің бұл шешімімен келісесіз бе?🤔