Үздік оқушылар, Емтихан, Санжар Тәшкенбай.10-шы қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 10 ноября, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Үздік оқыған оқушылар емтиханнан босатылады.

Оқу-ағарту министрлігі «Алтын белгі» беру туралы бұйрыққа өзгеріс енгізуді ұсынды. Биылғы оқу жылынан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша үздік оқыған және соңғы үш жыл бойы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған үміткерлер қорытынды емтихандар тапсырудан босатылады.

Бұған дейін «Алтын белгіге» үміткер халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары қорытынды аттестация кезінде жазғы оқу-жаттығу жиындарында болып, халықаралық олимпиадалар мен жарыстарға дайындалған. Ал мектепте емтихан тапсыра алмаса, автоматты түрде «Алтын белгі» белгісінен айырылатын.

«Енді түлектер үшін сол белгіні алуға мүмкіндік болады. Ол үшін «үздік» деген баға болуы керек. Қазір дарынды балаларды қолдау мақсатында жан-жақты жұмыс атқарылып жатыр. Бұл өзгеріс те балалардың мүддесі үшін қабылданды», — дейді орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Осылайша, 11-сынып түлектері халықаралық олимпиадаларға дайындалу үшін оқу-жаттығу жиындарына қатысқан жағдайда қорытынды аттестациядан босатылуы мүмкін.

Айта кетері, биыл президент тапсырмасымен халықаралық пәндік олимпиадалардың 27 жеңімпазы алғаш рет 76 миллион теңгеден астам сыйақы алды. Сондай-ақ, оқушылар жергілікті жоғары оқу орындарына грантқа түсті.
Алтын медаль алған оқушы 1 500 АЕК (1 АЕК — 3 063 теңге), күміс медаль 1 000 АЕК, қола медаль 500 АЕК көлемінде сыйақы алады. Оқушыларды олимпиадаға дайындаған тәлімгер ұстаздар да бір реттік сыйақыға ие болды.

Ал сен үздік оқитын немесе үш жыл бойы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазысың ба?😍😍😍

2️⃣ Ал 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады.

2023-2024 оқу жылынан бастап 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады.

Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлайды.

Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды тек 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын.

«Қазақ тілі» пәнінен емтиханды 5-8, 10-сынып оқушылары да тапсырады. Мұндай өзгерістер келесі (2023-2024) оқу жылынан бастап енгізіледі», — делінген министрлік хабарламасында.

Емтихан жазбаша және ауызша өтеді. Тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын мұғалімдер академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып өздері құрастырады.
Қазақ тілі пәнінен қорытынды баға емтихан және жылдық бағалау нәтижесі бойынша қойылады.

Тамаша!🔥

3️⃣ Иордания астанасы Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында Санжар Тәшкенбай финалға шықты.

Қазақстандықтардан бірінші болып рингке жастар арасындағы әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай шықты.
Санжар 48 келіге дейінгі салмақта үндістандық Говинд Кумар Саханимен жұдырықтасты.

Тартысты өткен жекпе-жекте бірінші раундта бес төрешінің үшеуі Санжар басым деп тапса, екінші кезеңде қазақстандық боксшы таразы басын түгелдей өзіне аударды. Оның үстіне үндістандық спортшы ескерту алып, бір ұпайы шегерілді. Қорытынды есеп – 4:0, Санжардың пайдасында.

Санжар Тәшкенбай соңғы бәсекеде жапониялық боксшымен алтын жүлде үшін таласады.

Бүгін жартылай финалда тағы 11 қазақстандық боксшы ел намысын қорғайды.

Құтты болсын! жеңіс тілейміз!👏🏻👏🏻👏🏻