Үздік педагог, Egov, Аль-Фараби даңғылы. 16 тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 16 августа, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ «Үздік педагог» атағының иегерлеріне 3,5 млн теңге сыйақы беріледі.

Қазақстанда «Үздік педагог» республикалық байқауы басталды.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, байқауға меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлық мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының штаттық педагогтары қатыса алады.

Конкурс үш кезеңнен тұрады: аудандық, облыстық және республикалық.

Үміткердің педагогикалық қызметте жоғары жетістіктері және конкурсқа қатысу кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық тәжірибесі болуы керек.

«Байқаудың бірінші кезеңіне қатысуға 1311 өтінім берілген. Қазіргі уақытта аудандық/қалалық комиссия олардың портфолиосын бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр», — делінген хабарламада.

Екінші кезеңде әр аудан/қаладан 100 ұпайдың 80 пайызынан кем емес ұпай жинаған 10 қатысушы таңдалады. Республикалық байқаудың үшінші кезеңі биыл қыркүйек айында өтеді.
Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша 64 жеңімпаз «Үздік педагог» куәлігімен, «Үздік педагог» төсбелгісімен және 1 000 АЕК (3 450 000 теңге) ақшалай сыйлықпен марапатталады.

Байқауға қатысып, бақ сынап көріңіз! 😍🔥

2️⃣ Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.

Ведомствоның мәліметінше, Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағына полимерлі асфальтты бетонды төсеу жұмыстары аяқталды. Солтүстік жағында Достық даңғылынан Есентай өзені арқылы өтетін көпірге дейінгі учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазір көлік қозғалысы ашылған.
Енді Есентай өзені арқылы өтетін көпірден Қожанов көшесіне дейінгі аралықта орташа жол жөндеу жұмыстары өтеді.

1 тамыз күнгі сағат 23:00-ден 3 тамыз күнгі таңғы 07:00-ге дейін даңғылдың солтүстік жағындағы көлік қозғалысы толығымен жабылады.

2 тамыз күнгі сағат 07-00-ден 3 тамыз күнгі 00-00-ге дейін Есентай өзені арқылы өтетін көпірден Сырғабеков көшесіне дейінгі аралықтағы Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағынан реверсивті қозғалыс ашылады.
Батыс және шығыс бағыттағы жолақтардың санын патрульдік полиция қызметкерлері көлік қозғалысы жағдайына байланысты анықтайды.

3 тамызда түнгі сағат 00-00-ден таңғы 07-00-ге дейін Әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағыттағы (Есентай өзені арқылы өтетін көпірден бастап) көлік қозғалысы толығымен жабылады.

1 тамыз күнгі сағат 23:00-ден 3 тамыз күнгі 07:00-ге дейін Ботаникалық бақ пен Қозыбаев көшесіне кіретін және шығатын жол, сондай-ақ Әл-Фараби даңғылынан Қожанов көшесіне шығатын жол шектеледі.
«Осыған байланысты Жароков, Қожанов және Қозыбаев көшелерінен айналма жол қарастырылады.

Жол жабық кезде Қожанов көшесінен Әл-Фараби даңғылына өтетін батыс бағыт ашық болады.

Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін патрульдік полицияның 6 бригадасы жұмыс істейді. Сондай-ақ қозғалыс жылдамдығын сағатына 40 шақырымға шектеу белгілері орнатылып, конус пішіндегі жарықта шағылыстырушы фишкалар арқылы жол жолақтары бөлінеді», — деп хабарлады Алматы қалалық мобильділік басқармасы.

Қазіргі таңда Есентай өзені арқылы өтетін көпірде жұмыс жүргізіліп жатыр. 📌

3️⃣ Енді қазақстандықтар eGov.kz порталында өз құжаттарына өзгеріс енгізе алады.

Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қоғаммен байланыс басқармасы мәлімдеді.

«Азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу» жаңа қызметінің көмегімен актілік жазбаларға өзгерістер енгізу және құжаттарды қайта шығару үшін негіздемелерді көрсетіп, растайтын құжаттарды қосып, өтінім беруге болады.

«Біраз қазақстандық eGov.kz порталында актілік жазбаларға өз бетінше өзгеріс енгізуге болатынын біле бермейді. Мұнда сіз туу туралы, неке қию туралы және некені бұзу туралы куәліктер секілді құжаттарға өзгерістер енгізе отырып, оларды қайта шығаруға өтініш бересіз. Мәселен, егер бұрын адамның тегін өзгерту үшін ХҚКО-ға бару қажет болса, қазір оны электронды түрде жасауға болады және ол үшін кезекте тұрудың қажеті жоқ»,- деп мәлімдеді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин.

Қандай жағдайда құжаттарға өзгеріс енгізуге болады:

тегін және атын, әкесінің атын өзгерткенде;

әке болу туралы сот шешімінің күші жойылғанда;

некеде тұрмаған ананың туу туралы актілерді тіркеу кітабына баланың әкесі туралы мәліметтер енгізу жөніндегі өтініші түскен жағдайда;

егер азаматтық хал актісін тіркеу кезінде қате (бұрмалау, мәліметтерді немесе жекелеген сөздерді тастап кету) жіберілсе;

азаматтық хал актілері жазбаларындағы қателер сот тәртібімен анықталғанда;

некені бұзуға немесе некені жарамсыз деп тануға байланысты ерінің (зайыбының) тегі өзгертілгенде;

ұл (қыз) асырап алудың күшін жою немесе оның күші жоқ деп тану, сондай-ақ некенің күші жоқ деп тану туралы сот шешіміне байланысты;

ұлты өзгерген жағдайда;

ата-ананың арасындағы некенің тоқтатылуына немесе некенің жарамсыз танылуына байланысты кәмелетке толмаған баланың тегін өзгерткенде және тағы басқа.
Аталмыш қызметті электрондық үкімет порталының «Азаматтарға» — «Отбасы» бөлімінен табуға болады.
Құжаттарға өзгеріс енгізуге өтініш беру үшін не істеу керек:

eGov.kz порталында авторизациядан өту;

қызметтін түрін таңдау;

куәлік беретін ХҚКО филиалын таңдау;

отбасы жағдайы мен табыс көзін көрсету;

актілік жазбаның нөмірі мен тіркелген күнін көрсету, оған өзгерістер енгізу;

акт жазбасы үшін қандай өзгерістер, түзетулер, толықтырулар қажеттігін көрсету;

өзгерістер енгізу үшін растайтын құжатты тіркеу;

төлем жасау;

өтінішке қол қою.
Қызмет нәтижесі eGov.kz порталының мәртебе парағында және жеке кабинетінде хабарлама түрінде пайда болады. Дайын құжатты өтінімде көрсетілген Халыққа қызмет көрсету орталығынан алу қажет.

Бірнеше құжатқа өзгеріс енгізуге мүмкіндік бар. ☝🏻