Жұмыс, Поезд, Астана. 15 қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 15 Қыркүйек, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ 2050 жылға дейін Астананы әлемдегі үздік 50 қаланың қатарына қосу жоспарланып отыр.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі жариялаған «Астананы дамытудың кейбір мәселелері туралы» заң жобасының консультативтік құжатында жазылған.

«Жобаның мақсаты – 2050 жылға дейін Астана қаласын «Әлемнің үздік қалалары» халықаралық рейтингісінде алғашқы 50 қаланың қатарына кіргізу», – делінген Ашық НҚА порталында жарияланған консультативтік құжатта.

Аталған межеге ұмтылыс жолында мына бағыттағы жұмыстарды қолға алу жоспарланған:
– Елорданың өзекті мәселелерін, оның ішінде тұрғындардың шағымдарын дереу шешу;
– Астананың ақпараттық базасын құру;
– Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, бизнес ортаның дамыту;
– Газбен жылытуға көшу, сондай-ақ рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою есебінен елордадағы экологиялық жағдай мен ауа сапасын жақсарту;
– Астананың сәулеттік келбетін сақтау;
– Қалада кедергісіз орта құру;
– Халық арасындағы әлеуметтік шиеленісті төмендету.

Керемет!😍👍

2️⃣ Осы жылдың тамыз айында еліміз бойынша 240 мыңнан астам адам жұмыс іздеген.

«2023 жылдың тамызында Қазақстанның 240 мыңнан астам тұрғыны hh.kz сайтынан жұмыс іздеді. Бұл өткен жылдың тамызындағы көрсеткіштен 227 пайызға көп, ал осы жылдың шілдесіндегі көрсеткіштен 12 пайызға аз. Тамызда жұмыс іздеушілер белсенділігінің төмендеуі студенттер мен мектеп оқушылардың жазғы уақытта жұмыс іздеу маусымының аяқталуына байланысты», – делінген жұмыс іздеуге арналған hh.kz порталы таратқан мәліметте.

Тамызда мына мамандықтар бойынша жұмыс іздегендердің қатары қалың болды: оқытушы, мұғалім, сату жөніндегі менеджер, клиенттер жұмыс жөніндегі менеджер, сатушы-кеңесші, сатушы-кассир, жүргізуші, әкімші, бухгалтер, инженер-конструктор, инженер-жобалаушы, бағдарламашы, сатып алу жөніндегі менеджер, даяшы, бармен және бариста.

Өткен айда бір бос жұмыс орнына бәсеке төмендеп, 4,5-ті құрады. Бұл бір бос жұмыс орнына 4-5 адамның үміткер болғанын білдіреді.

Ал сіздің тұрақты жұмысыңыз бар ма?🤔

3️⃣ Елімізде пойыз билеттеріне жеңілдік жасалады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ күз айларында бірнеше бағыт бойынша пойыз билеттеріне жеңілдік жасайды. Бұл туралы ұлттық тасымалдаушының баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ биыл 18 қыркүйектен 26 қазанға дейін және 6 қарашадан 7 желтоқсанға дейін үш теміржол бағыты бойынша Тальго пойыздарының билеттеріне жеңілдік енгізеді», – делінген хабарламада.
Қазақстандықтар мына пойыздарға арзан билет сатып ала алады:

№ 79/80 «Астана – Арқалық» – билет құнынан 20% жеңілдік;

№81/82 «Астана – Қостанай» – 30%;

№65/66 «Астана – Жезқазған» – 40%.
Билеттерді жеңілдікпен ресми www.bilet.railways.kz сайтынан және «ҚТЖ билеттері» мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады.

Сондай-ақ, жолаушылар «Алтын» және
«Күміс» жеңілдік карталарын қолдана отырып, жеңілдік мөлшерін 55%-ке дейін арттыра алады.

Жеңілдік туралы қосымша ақпаратты тегін 1433 нөмірі және «ktzh_pp_bot» телеграмм-боты арқылы білуге болады.

Жеңілдік 55%-ға дейін жасалады🔥