Жалақы, Аяз, Төлем. 3 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 03 Қаңтар, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері өсті.

1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төмен жалақы мөлшері өсті, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Ең төменгі жалақы 70 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін өсті. Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ең төменгі жалақыдан төмен болмайтын деңгейде төлеуге міндетті.

«Нәтижесінде 85 мың теңгеге дейін жалақы алатын түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде бюджет саласындағы 350 мың қызметкердің ақшалай кірістері өседі. Бірінші кезекте ең төменгі жалақыны арттыру «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады», – дейді министрлік.

Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.

Ең төменгі жалақы 70 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін өсті. 💸

2️⃣ Зиянды жұмыста істейтін қазақстандықтарға арнаулы әлеуметтік төлем төленеді.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.

Арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін жұмысшы 55 жасқа толған және кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдары болуы шарт.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша 2024 жылы – 37 мыңнан астам, 2030 жылы – 58 мыңнан аса, 2035 жылы 95 мыңнан астам қызметкер осы төлемге үміткер бола алады. Осылайша, әлеуетті төлем алушылар саны жыл сайын ұлғаяды.

«Алдын ала деректер бойынша, 2024 жылы арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері жалпы алғанда 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады. Арнаулы әлеуметтік төлем жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты өседі. Алдын ала есептеулер бойынша 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері 339 мың теңгені, ал 2035 жылы – 519 мың теңгені құрайды», – делінген хабарламада.

Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Оны алу үшін қызметкер зиянды жұмыстан шығуы керек. Жұмысшылар жеңіл жұмысқа ауысып, жалақы мен арнаулы төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.
Арнаулы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады:

республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік жәрдемақы;

өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде,

БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен.

Бұдан басқа, жұмысшыларға БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлем алу құқығы беріледі.
Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Олардың 2 мыңнан астам позициясы бар.

Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібінде және тағы басқа салаларда жұмыс істейтін қазақстандықтарға беріледі.

Бұл адамдардың қатары жыл сайын артады екен.📌


3️⃣ Қазақстанда 25 градусқа дейін аяз болады.

Ауа райы болжамы бойынша, Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады: жауын-шашын, негізінен қар, боран, көктайғақ, екпінді жел түрінде жауын-шашын болады.

«Тек елдің оңтүстік-шығысында ауа райы басым жауын-шашынсыз болады, түнде республиканың солтүстік-батысында және солтүстігінде ауа температурасы 0-13 градустан 5-25 градус аязға дейін ауытқиды деп күтіледі», – делінген хабарламада.

4-6 қаңтар күніне арналған ауа райы болжамы. ☝🏻