Жансұлтан Төребек, Әскери қызметші, McDonald’s. 26 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 26 Қаңтар, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз. 🔥

1️⃣ Түркістан облысында 9-сынып оқушысы Жансұлтан Төребек қымыз құятын робот ойлап тапты.

Ұлттық сусынды ұсынатын робот «Асылбек» деп аталады. Бұл туралы Оtyrar.kz хабарлады.

Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінде оқитын Жансұлтанға роботты жасап шығуға информатика пәнінің мұғалімі көмектескен.

Кез келген адам роботқа арнайы пластикалық картаны жақындату арқылы «Асылбекті» сөйлете алады. Содан кейін робот қымыздың шипалы қасиеті туралы қысқаша мағлұмат береді. Осыдан соң ғана ол ыдысқа шөлді басатын пайдалы сусын құяды.
«Роботтардың түрлеріне, жұмыс істеу принциптеріне қызығушылығым бұрыннан бар болатын. Мұндай робот құрастыру идеясы мектебімізде өткен информатика пәні апталығында ұйымдастырылған роботтар көрмесі кезінде туды. «Асылбек» роботын жасау туралы ойыммен алдымен мұғалімім Лаура апаймен бөлістім. Ол идеямды қолдап, құрастыруда көмектесетінін айтты», – дейді Жансұлтан.

Оның пікірінше, робот оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, емдік қасиетке ие қымыз арқылы жастардың арасында салауатты өмір салтын дәріптейді.
«Ұлттық сусынымызды насихаттайтын болғандықтан, «Асылбектің» ұлттық киімде болғаны дұрыс деп шештік», – деп атап өтті 9-сынып оқушысы.
Айта кетері, Жансұлтанның қымыз құятын робот жобасы ғылыми жобалар байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі болды.

Дарынды әрі талантты жастар көбейе берсін! 😍👏🏻

2️⃣ Жанып жатқан үйден екі баланы құтқарған әскери қызметші марапатталды.

Төтенше жағдай 22 қаңтарда Целиноград ауданы Сарыкөл кентінде болды. Әділхан Қазыбай өз өмірін қатерге тігіп, жанып жатқан жер үйден екі баланы алып шықты.

Кеше, 25 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Орталық аппаратында ҰҚК әскери қызметшісі Әділхан Қазыбайды марапаттау рәсімі өтті.

Батылдық таныту – әркімнің қолынан келе бермейді.🔥

3️⃣ Бұрынғы McDonald’s мейрамханалары Қазақстанның тағы бірқатар қаласында ашылады.

Алматы, Қарағанды және Қостанай қалаларында 26-27 қаңтарда McDonald’s-тың 4 мейрамханасы қайта ашылады. Бұл туралы McDonald’s брендімен фаст-фуд желісін басқарған «Food Solutions KZ» ЖШС баспасөз қызметі хабарлады.

«Мейрамханалардың жұмысы осыған дейін қабылданған сапа мен қызмет көрсетудің барлық жоғары стандарттарын, сондай-ақ бизнесті жүргізудің құндылықтары мен принциптерін ескере отырып жалғасады», – дейді Food Solutions KZ компаниясының өкілдері.

Мейрамханалар қайда ашылады?

Алматыда:
MEGA Park – Мақатаев көшесі, 127/1, Сейфуллин даңғылы, 483;
Мамыр – Мамыр-4, 197;
Атакент – Тимирязев көшесі, 38/3;
Ақсай – Ақсай шағын ауданы-2, 8 а.
Қарағандыда: Бұқар Жырау даңғылы, 75/14.

Қостанайда: Тәуелсіздік көшесі, 41.
Айта кетсек, 23 қаңтарда Алматыда 13 мейрамхананың бесеуі есігіне»Біз ашықпыз» деп жазып қойғаны хабарланды.

Ал 25 қаңтарда Астанада бұрынғы McDonald’s мейрамханалар желісі ашыла бастады.

Қазақстанда McDonald’s («Food Solutions KZ» ЖШС) жергілікті жеткізілімдердегі шектеулерге байланысты қараша айының ортасында жұмысын тоқтатты, өйткені франчайзер ресейліктерден ет сатып алуға тыйым салды.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігі McDonalds өкілдері қазақстандық өнімге көшуге дайын болғанын, алайда бұл үшін жергілікті жеткізушілерге тиісті қымбат сертификаттар алу қажет екенін айтты. Процедуралар аудиттен басталып, сертификаттау ұзақ уақытқа созылатындықтан мейрамханалар жұмысын тоқтатты.

Естеріңізге салайық, Қазақстанда McDonald’s брендімен алғашқы мейрамхана 2016 жылы ашылды. Кейін Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды қалаларында 24 мейрамхана есігін айқара ашты.

McDonald’s сүйер қауым үшін жақсы жаңалық екен! 😉