Жатақхана, Оқу сағаты, Шахмат. 28 тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 28 Тамыз, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Бибісара Асаубаева Абу-Дабидегі шахмат фестивалінде 1-орынды жеңіп алды.

Шахматшы Бибісара Асаубаева Абу-Дабидегі өкілдік фестивалінде 1-орынды жеңіп алып, қазақстандық шахматшы қыздардың рейтингінде көш бастады. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланды.

Сонымен қатар «Masters» тобында қазақстандық қатысушылардың арасынан Арыстанбек Уразаев үздік нәтиже көрсетті – мүмкін болған 9 ұпайдан 6,0 ұпай жинады.

Әйелдер турнирінде («Ladies») Альфия Насыбуллина (Астана) 7 ұпайдан 5,5 ұпай жинап, үшінші орынды иеленді, қосымша көрсеткіштер бойынша бесінші орынға жайғасты. Әнел Мұратова (Алматы) 5,0 ұпай жинап, жалпы есепте 10-орынға табан тіреді.

Жеңіс құтты болсын!👏🏻

2️⃣ Білім министрлігі оқушылардың оқу сағаттарын қысқартты.

Қазақстанның білім министрлігі мектептердің 34 апталық оқу жылына қайта оралуына байланысты типтік оқу бағдарламаларына өзгерістер дайындады.

Барлық пән бойынша оқу сағаттарын қысқарту туралы бұйрықтың жобасы ашық НҚА сайтында жарияланған.

Нәтижесінде бірінші сынып оқушыларына арналған оқу сағаттары 114-тен 102 сағатқа дейін азайды.

«1-4 сыныптар үшін еңбекке баулу бұрын бекітілген 35 сағаттың орнына жылына 33 сағат болады. 7-9 сынып оқушыларына арналған алгебра 108 сағаттың орнына 102 сағат, геометрия 72 сағаттың орнына 68 сағат, химия мен география да жылына 68 сағат болады. 5-9 сыныптар үшін информатика – 36 сағаттың орнына 34 сағат, Қазақстан тарихына 72 сағаттың орнына 68 сағат бөлінеді. 5-9 сыныптар үшін дене шынықтыруға 108 емес, 102 сағат беріледі», – делінген түсіндірме жазбада.
36 апталық оқу жылына көшу қажетті қосымша дайындықты талап етеді, деп аталып өткен құжатта.

2023-2024 оқу жылы 2023 жылдың 1 қыркүйегінен 2024 жылдың 25 мамырына дейін жалғасады.

Бұл өзгеріске қалай қарайсыз?🤔

3️⃣ Алматыда «Жастар Apartments» жаңа заманауи жатақхана ашылды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жаңа жатақханаға Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының жатақханаға мұқтаж білім алушы жастары орналастырылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жатақхана тапшылығын жою бойынша берілген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында 300 орындық жаңа жатақхана студенттер үшін пайдалануға беріліп отыр.

“Елімізде жатақхана мәселесі өте өзекті. Алматы қаласында жатақхана тапшылығы жоғары. Осы мәселе бойынша біз екі бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Біріншісі жеке меншік хостелдермен және қонақ үйлермен келісімшартқа қол қойылды. Осы келісім арқылы қосымша 10 000-нан астам төсек-орын табылып отыр. Бүгінде қалада жер тапшылығы бар. Сондықтан екінші бағыт ол қайта жөндеу жұмысы. Яғни бизнесі құлдырап кеткен академиялық немесе жеке меншік ғимараттарында біз қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жатақхана ретінде қайта жасақтап жатырмыз. Бүгінгі жатақхана осы екінші бағыт бойынша ашылып отыр”, – деді министр Саясат Нұрбек.

Ғимаратта қайта жөндеу жұмыстары 2023 жылдың бірінші жартысында басталған болатын. Жатақхананың ішкі сәулеті шетелдік көшбасшы университеттердің дизайны негізінде жасалды. Нысан тиісті талаптарға толық сәйкес келеді.

Төрт қабаттан тұратын жатақханада асхана, демалыс бөлмелері, кір жууға және кептіруге арналған тұрмыстық бөлме, әр қабатта өз ас үйі мен оқу залдары қарастырылған. Сондай-ақ әр секцияға тоңазтқыш, заманауи душ кабиналары мен жаңадан жиһаздар қойылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған.

Жатақхананың ішкі сәулеті шетелдік көшбасшы университеттердің дизайны негізінде жасалған😍