Кеш жарық, көзі қырақты қыздар мен жігіттер!
📌 Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз.
1️⃣ Алматыда инклюзивті тәсілмен заманауи студенттік жатақхана салынды.
Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында «Нархоз» университетіне барып, Narxoz Housing жаңа жатақханасының құрылысымен танысты.
Жатақхана құрылысы университет аумағында акционердің өз қаражаты есебінен жүргізілуде. Қазір жұмыстар 80%-ға орындалды. Құрылыстың аяқталуы ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланған, жатақхана жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
Қала басшысы студенттердің өмір сүруі мен оқуы үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
«Нархоз» университетінің президенті Қанат Қожахмет жатақхана білім беру гранты бойынша да, коммерциялық негізде де оқитын студенттерге арналғанын атап өтті. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар студенттерге арналған арнайы бөлмелер қарастырылған.
Жобаға сәйкес, 424 орындық заманауи жатақханада студенттерге жайлы инклюзивті бөлмелер, асхана, медициналық орталық, интернетке қол жетімді коворкинг-аймақ, оқуға және демалуға арналған қоғамдық кеңістіктер болады.
Тамаша!👍
2️⃣ Қазақстандық клубтардың еурокубок ойындары екінші іріктеу кезеңіндегі қарсыластары анықталды.
Бүгін Швейцарияның Ньон қаласында еурокубок ойындары екінші кезеңінің жеребесі тартылды.
Биыл еліміздің атынан шымкенттік «Ордабасы» Чемпиондар лигасында ойын көрсетсе, қостанайлық «Тобыл» мен елордалық «Астана» Еуропа лигасында бақ сынайды.
Ал «Ақтөбе» Конференция лигасында ел намысын қорғайды.
«Ордабасы» екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің АПОЭЛ командасымен кездесуі мүмкін. Оған дейін бірінші іріктеу кезеңінде Молдованың «Петрокуб» клубын орта жолда қалдыруы тиіс.
Бірінші іріктеу кезеңі 9 және 16 шілде күндеріне белгіленсе, екінші іріктеу кезеңі 23/24 және 30/31 шілдеде ойналады.
Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде «Тобылға» Түркияның «Трабзонспор» командасы ықтимал қарсылас атанып отыр. Ойындар 25 шілде мен 1 тамызға белгіленген. Одан бұрын қостанайлық клуб 11 және 18 шілде күндері Словакияның «Ружомберок» команадасын жеңуі қажет.
Сәттілік тілейміз!🔥
3️⃣ Ақордада тасқынмен күреске белсене атсалысқан азаматтар марапатталды.
Мемлекет басшысы су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан ел азаматтарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.
Президент, ең алдымен, бұл бұрын ешқашан болмаған ең жойқын табиғи апат екенін атап өтті. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Жалпы, ел көлемінде 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты.
«Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді. Олар Отан алдындағы парызын мінсіз атқарды. Бір сөзбен, антқа адал болды», — деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев топан сумен күреске күштік құрылымдардың 63 мыңнан астам қызметкері атсалысқанына назар аударды. Құтқару операциясы барысында 120 мыңнан астам адам, оның ішінде 40 мың бала қауіпсіз жерге көшірілді.
«Бұл – құтқарушылар мен ұшқыштардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әбіш Кекілбаев «Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу» деп айтқан. Ұлттық еріктілер желісі табиғи апат болған сәттен бастап ерекше белсенді болды. 50 мыңнан астам волонтер көмек керуендерін ұйымдастырды. Олар апат аймақтарына азық-түлік және басқа да қажетті заттарды жеткізуге атсалысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы ортақ іске мол септігін тигізді», – деді президент.
Құтты болсын!👏🏻