Жаттығу, Қарсылас,Қызылша. 22 ақпанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 22 февраля, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ 23 ақпанда барлық өңірде дабыл қағылып, ауқымды сейсмикалық оқу-жаттығулары өтеді.

Төтенше жағдайлар министрлігі 23 ақпанда еліміздің барлық өңірінде жоспарлы сейсмикалық жаттығулар өткізілетінін хабарлады.
Сейсмикалық жаттығулар өтетін күні халықты хабардар ету жүйесі іске қосылады.

«Сейсмикалық жаттығулардың негізгі мақсаты – жер сілкінісі қаупі мен орын алуы кезіндегі іс-әрекетке халықтың дайындық деңгейін арттыру», — деп жазылған ведомство хабарламасында.
ТЖМ халыққа ескертуге құлақ асып, сейсмикалық жаттығуларға белсенді қатысуға кеңес берді.

Еске салайық, 23 қаңтарға қараған түні Алматыда 5 балдық жер сілкінісі болды. Зілзала ошағы Қытай мен Қырғызстан шекарасында орналасты, бірақ мегаполис пен Қазақстанның басқа қалаларында да дүрбелең тудырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жағдайдан соң кеңес өткізіп, жер сілкінісі кезінде Алматыдағы құзырлы органдардың толық дайын болмағанын атап өтті. Уәкілетті органдар халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Оқу орындарында, мемлекеттік органдарда тұрақты түрде оқу-жаттығу өткізуі қажет. Бұл жұмысты дереу бастау керек, деп талап етті президент.

Жақындарыңызды құлаққағыс етіп қойыңыз! 📌

2️⃣ Қазақстан қызылшаның таралуы бойынша әлемде бірінші орынға шықты.

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қызылшаны вакцинамен тоқтатуға болады. Бірақ бүгінде Қазақстанда вакцинамен басқарылатын инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық бақылау жағынан жүйелі кемшіліктер бар.

“Нақты уақыт форматында температуралық режимді бақылау мүмкіндігімен профилактикалық егулер мен вакциналар қозғалысын есепке алуды цифрландыруды қамтамасыз ету, денсаулық сақтаудың барлық деңгейлерінде медицина қызметкерлерін оқытуды жолға қою, мүдделі органдармен және ведомстволармен бірлесіп басқарылатын инфекциялардың профилактикасында вакцинациялаудың маңыздылығы туралы халықты кеңінен хабардар етуді қамтамасыз ету қажет деп санаймын”, — деді Әлназарова министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Абай болыңыздар!🙌🏼

3️⃣ Жәнібек Әлімханұлының міндетті қарсыласы анықталды.

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) әлем чемпионы белдігіне Қазақстан өкілі Жәнібек Әлімханұлы иелік ететін орта салмақтағы рейтингіні жаңартты. Бұл туралы Sports.kz жазды.

Ұлыбританиялық боксшы кіші Крис Юбэнк рейтингілік кестеде көш басындағы орнынан айырылып қалды. Оның орнын отандасы Хамза Шираз басты. Осылайша, Хамза Жәнібектің бұл салмақтағы чемпиондық айқасқа шығатын міндетті қарсыласы атанып отыр.
Айта кетейік, бұл кестеде қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов үшінші орында тұр.

Еске сала кетсек, осы айда ұлыбританиялық боксшы Лиам Уильямсты нокаутқа түсіріп, содан кейін промоутері Фрэнк Уорренмен бірге Qazaq Style командасымен жекпе-жекке дайын екенін мәлімдеді.

Спортшымызға жеңіс тілейміз! 🔥