Жазира Орақбаева, Чемпиондар лигасы, Жалақы. 16 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 16 Наурыз, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!📌

1️⃣ Чемпиондар лигасында 2006 жылдан бері алғаш рет үш италиялық клуб «Интер», «Милан» және «Наполи» халықаралық турнирдің ширек финалына шықты.

Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалына қатысатын барлық команда белгілі болды.
Кеше түнде 1/8 финалдың соңғы ойындары өтіп, испаниялық «Реал» мен италиялық «Наполи» келесі кезеңге жолдама алды.

Мадридтіктер ағылшынның «Ливерпулін», ал «Наполи» немістің «Айнтрахт» командасын турнирден шығарды.

Ширек финалда «Милан», «Интер», «Наполи», «Челси», «Манчестер Сити», «Реал», «Бавария» және «Бенфика» кездеседі.

Ширек финалдың жеребе тарту рәсімі жұма күні 17 наурызда Швейцарияның Ньон қаласында өтеді.

Футбол жанкүйерлері бар ма?😍

2️⃣ Жұмыссыз қалғандар 6 айға дейін бұрынғы жалақысының 45 процентін алады.

Бұл туралы «Астана» арнасы мәлімдеді.

Ай сайын айлықтан төленетін сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің 5 түрінен сақтандырады. Бұл – халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сәйкес жасалған жүйе. Енді оның мақсаты өзгереді, бірақ негізі сақталады. Жүйе әлеуметтік төлемге ғана бағытталмайды, азаматтарды формальді жұмыс істеуге ынталандыруды да көздейді.

«Жүйеге қатысу уақыты мен әлеуметтік төлемдер арасындағы байланысты күшейту, үшіншіден әлеуметтік жарналарды уақытылы аударып отырған жұмыскерлерге сақтандыру қорларынан әлеуметтік төлемдер мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайту басты мақсат болмақ. Мысалы жұмыссыз қалған азаматтарға әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайызын төлеу қарастырылып отыр», – дейді Тамара Дүйсенова.

Ескере жүріңіздер📌

3️⃣ Бокстан әлем чемпионатында Жазира Орақбаева алғашқы қарсыласын нокаутпен жеңді.

Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Жарыстың алғашқы күні күндізгі сессияда 52 келіге дейінгі салмақта қазақстандық Жазира Орақбаева рингке шықты.

Азия чемпионатының жүлдегері Жазира тайбэйлік Чиа-Хсунь Чанмен жұдырықтасып, екінші раунда қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Үшінші раунд басында төреші жекпе-жекті тоқтатып, Жазира Орақбаева айқын басымдылықпен жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Қазақстандық басқа боксшылар ертең рингке шығады.

Құтты болсын!👏🏻👏🏻👏🏻