Жібек Құламбаева, Әскерге барғандар, || Елизавета.20-шы шілденің топ жаңалықтары

Автор: редактор 20 сентября, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Жібек Құламбаева Италия турнирінің жеңімпазы атанды.

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Италияда өткен ITF W25 турнирінің жеңімпазы атанды.

22 жасар спортшы латвиялық Дарья Семенистаямен бірге финалда қытайлық Джинг Лю – босниялық Анита Вагнерді 6:2, 6:2 есебімен ұтты.

Бұл жеңіс Жібектің биылғы маусымдағы ITF жарыстарында бесінші титулы. Ол спорттық жолында жұптық сында барлығы 19 рет үздік шықты. Оған қоса, жекелей сында екі мәрте чемпион атанды.

Құтты болсын!😍👏🏻👏🏻

2️⃣ Әскерге барып келгендер енді университетке тегін түсе алады.

Қорғаныс министрлігі жаңа жобаның басталатынын мәлімдеді. Соның аясында мерзімді әскери қызметін өтеп келгендер жоғары оқу орнына тегін түсе алады. Бұл туралы министрліктің ресми сайты хабарлады.

Жаңа жобаның негізгі мақсаты – жастардың мерзімді әскери қызметін өтеуге деген ынтасын арттыру. Бүгінде ғылым және жоғары білім министрлігі жобаны қолдап отыр. Жоғары оқу орындары да қосыламақ. Әскерге барып келгендерге бірнеше жеңілдік жасалады. Олар:

ҰБТ-ны есепке алмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу;

ЖОО әскери кафедрасында тегін оқу;

мерзімді әскери қызметті өтеу кезіндегі жетістіктеріне қарай жоғары оқу орны грантын беру;

әскери оқу орындарына емтихансыз және ҰБТ-сыз оқуға түсу.
«Әскери оқу орындарына емтихансыз түсу және азаматтық жоғары оқу орындарында оқу грантын алу кезінде әскери қызметшілердің Отан алдындағы борышын өтеген балаларына да басымдық беріледі деген жоспар бар. Жобаны іске асыру үшін білім беру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізудің қажеті жоқ», — дейді министрлік мамандары.

Қазіргі кезде 40-қа жуық жоғары оқу орны жаңа жоба аясында жеңілдік беруге дайын екенін растады. Ал қорғаныс министрлігі тиісті ережелерге өзгерістер енгізу жұмыстарын бастап кетті. Жаңа жоба 2023 жылы басталады. Соның аясында барлық жеңілдік қазір борышын өтеп жүрген азаматтарға және 2022 жылы әскерге шақырылуға жататын сарбаздарға беріледі.

Егер шынымен жоба іске асса, әскерге баратын азаматтарымыздың қатары көбейетін шығар. Қалай ойлайсың?😶

3️⃣ Астананың орталық саябағындағы гүлзарға ІІ Елизаветаның есімі беріледі.

Астананың орталық саябағындағы гүлзарлардың біріне ІІ Елизавета патшайымның есімі беріледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі бойынша жақын арада Астананың орталық саябағындағы гүлзарлардың біріне ІІ Елизавета Патшайымның есімі беріледі. Сенаттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сенат төрағасы Король ІІІ Чарльзбен сұхбат барысында мәлімдеді.

«Ұлыбритания монархы мұрагер ханзада ретінде 1996 жылы Қазақстанға жасаған сапарын еске алды. Сондай-ақ король патшайымның қазасына байланысты ықылас танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан басшылығы мен халқына игі тілектері мен ілтипатын жеткізді», — делінген хабарламада.

Айта кетері, парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің патшайымы ІІ Елизаветаны мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысты. Аталған рәсім 2022 жылғы 18-19 қыркүйек күндері Лондон қаласында өтті.
Сенат спикері 18 қыркүйекте Вестминстер холлында патшайымның табытын зиярат ету рәсіміне қатысып, Қазақстан Республикасының атынан ресми көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Ол II Елизавета аса көрнекті көшбасшы және британ ұлтының бірлігі мен тұрақтылығының символы болғанын, алдағы уақытта да патшайымның тектілігі, қадір-қасиеті мен жетістіктері әлемдегі миллиондаған адамды жігерлендіре беретінін атап өтті.

Ал бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корол ІІІ Чарльзге көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын. Онда мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан корольдің, корольдік отбасы мен барлық британдықтың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Сондай-ақ ел президенті Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды.

Бұл шешімді қолдайсың ба? 🤔